Нұр-Сұлтан қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Есен Байыров мұз үстіндегі қауіпсіздік ережелерін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Су айдындарында конькимен сырғанау алаңдарын пайдалануға мұздың беріктігін мұқият тексергеннен кейін рұқсат етіледі. Оның қалыңдығы кемінде 12 см, ал жаппай сырғанау кезінде кемінде 25 см болуы тиіс», - деді Е. Байыров елора әкімдігінің баспасөз орталығында.
Оның айтуынша, су айдында шаңғымен мұз үстімен өткен кезде төселген шаңғы жолын пайдалануға кеңес беріледі. Ал жол болмаған кезде, қозғалмас бұрын шаңғылардың бекітпесін шешіп, шаңғы таяқтарының ілмектерін қол ұшынан алу керек.
«Рюкзакты немесе сөмкені бір иыққа алу керек. Шаңғышылар арасындағы қашықтық 5-6 метр болуы тиіс. Қозғалыс кезінде алда келе жатқан шаңғышы таяқтардың соққыларымен мұздың беріктігін тексеріп, оның жағдайын бақылайды», - деді Есен Байыров.