28 шіл, 2025 сағат 15:48

Катонқарағай мен Рахман қайнарын мемлекет ұмытып кеткен бе?


Коллаж: Ult.kz

Мемлекеттің қарауына өткен «Рахман қайнары»  шипажайының биылғы күйі мүшкіл. Тұрғындар шипажайдың қалай қирандыға айналғанын видеоға таспалап, желіге шығарып жатыр. Ал Катонқарағайдың маңы қоқысқа көміліп жатқан көрінеді. Бұл туралы Ult.kz хабарлайды.

Қазақстанның Шығыс өңіріндегі Алтай тау жүйесінің етегінде, Катонқарағай жоталарының қапталында орналасқан Рахман қайнары табиғаттың інжу-маржаны, асыл қазынасы. Алайда жанына шипа, дертіне дауа іздеп баратын демалушылар Катонқарағай маңындағы көрікті жерлер қиранды мен қоқысқа көміліп жатыр деп қынжылыс білдіреді. Солардың бірі «Рахман қайнары» шипажайы.

Қараусыз қалған Рахман қайнары және Балушкин ісі


Скриншот: TikTok-тан

TikTok әлеуметтік желісінде Ахмет есімді қолданушы Рахман қайнарының мүшкіл күйін видеоға таспалап, жариялаған екен, оған жүздеген адам пікір білдіріп, шағымдарын жаудырып жатыр. Пікір жазғандардың көбі шипажайды «иесіз қалғандай» деп есептейді.

«Күні кеше болдық, қаралмаған. Барлығы сынып, қираған, қоқысты шығармайды. Тек ақша алады. Қайықтың өзі 20 мың теңге. Ақшаның барлығын қайда жіберіп жатыр? Бұл жекеменшік орын емес қой. Төменгі жақтан кәуап пісіретін жер, кафе салып, қолжетімді баға қойюға болмады ма? Берелде де бағаны реттеуге болмады ма? Пирожок 600, чебурек 800. Мұның бәрін кім бақылайды? Барлығын бетімен жіберген. Павлодардан туристерді қарсы алдық, барлығы жақсы, бірақ түнейтін жер қымбат, бір адамға монша 5000 деді. Оның өзін жағып бермеді. Шайынатын жер жоқ», деді желі қолданушылардың бірі.



Скриншот: TikTok-тан

Туристердің кей бірі Рахман қайнарына баратын жол да нашар екенін айтып, демалыс орнының мүшкіл күйін көріп, кері қайтып кеткендерін жеткізген.

Сонымен қатар шипажайдың бұрынғы күйін еске алып жатқандар да болды. Олардың бірі Совет үкіметі кезіндегі жағдайды еске түсірсе, басқалары бұрынғы басшысы Анатолий Балушкин мен «Бипек Автоның» атын атап жатыр.

Еске салсақ, 2020 жылы «Рахмат қайнары» шипажайының иесі болған «Бипэк Авто Қазақстанның» негізін қалаған кәсіпкер Анатолий Балушкиннің үстінен іс қозғалып, оның өзіне 2021 жылы іздеу жарияланды. Кейін ол Ресей азаматтығын алғаны анықталды.


Фото: kazvedomosti.kz

Балушкинге қатысты іс қылмыстық кодекстің 190-бабы аса ірі мөлшердегі алаяқтық, 218-бабы қылмыстық жолмен алынған ақшаны және/немесе өзге де мүлікті заңдастыру немесе жылыстату бойынша жүрген. Оған қатысты сот Өскеменде сырттай өтіп, Балушкин 9 жылға сотталды.

Сосын, өткен жылы тамыз айында Электрондық сауда алаңында «Рахман қайнары» шипажайын мемлекеттік органдардың балансына беру бойынша сауда-саттық өтті.

Сауда-саттық нәтижесінде шипажай Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының балансына берілді.

 «22 тамызда сауда-саттық өтті. Бүгінгі таңда нысанды қабылдауға мемлекеттік органдардан құралған комиссия барды. Шипажайды шетелдік компанияларға беру жоспарда жоқ», - деп атап өтті ШҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ардақ Мәдиев.


Қабырғаны қайыстырған Қабырға ауылы немесе әкімдік неге білмейді?

Александара есімді желі қолданушы TikTok-та Экология және табиғи ресурстар министрлігі, ШҚО әкімі мен әкімдігі, прокуратурасы және Катонқарағай ауданы әкімдігінің желідегі парақшаларын белгілеп, мәселе көтеріпті. Ол Катонқарағай ауданына қарасты Қабырға ауылында үлкен қоқыс алаңын байқап, видеоға таспалап алыпты. Ол қоқыстар жай жатқан жоқ, жерге көмілгенін және олардың арасында мал терілері мен сүйектері иістеніп жатқанын айтады.


Скринашот видеодан

«Экологиялық тұрғыда сезімтал ауданда қалай мұндай үлкен қоқыс алаңы жатуы мүмкін? Біз мұны әкімдікке барып хабарладық, бірақ олардың реакциясы таңқалу болды. Бұл абсурд! Шығыс Қазақстан экологиясы мен туризмінің негізі болатын мұндай проблемаға қалай көз жұмуға болады?» дейді ол.


Сондай-ақ ол Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарын аударуды сұрады.

«Мұндай экологиялық аймақта қоқыс тау болып үйіліп жатса қандай тазалық, қоршаған ортаны қорғау туралы айтуға болады?!» деп қынжылыс білдірді Александра.


Александра бұл мәселе бойынша шағымданып әкімдікке барғанын да бейнежазбада көрсетеді. Оған жауап берген видеодағы костюм киіп, кеңседе отырған бейтаныс адам:

«Ескерту қабылданды, тексереміз. Егер сіз айтқандай болса, тазалық жұмыстарымен айналысамыз», деп шағымданушының ұялы телефонындағы бейнежазбаны өз телефонына суретке түсіріп алды да, жағдайдан бейхабар екенін айтты.


Шығыстың інжу-маржаны

Айта кетейік, Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі Қазақстанның ең көрікті жерлерінің бірі. Оның табиғаты алуан түрлі өсімдіктер мен жануарларға бай. Саябақта сүтқоректілердің 72 түрі, құстардың 250-ден астам түрі кездеседі. Соның ішінде сирек кездесетін, қорғауға алынып, Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген құстар мен өте сирек кездесетін, жылдан жылға таралу аймағы азайып бара жатқан, Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген 40-тан астам өсімдік түрлері кездеседі.


Фото: Катонқарағай / egemen.kz

Ал Рахман қайнары Оңтүстік Алтайдың кiшкене тектоникалық ойпатында, Арасан көлі жағасында, теңiз деңгейiнен 1750 м биiктiкте айналасын биiк тау, орман қоршаған өте көрiктi жерде орналасқан. Су граниттегi терең тектоникалық жарықтан шығады, температурасы 35 – 42°С. Қайнардың шипалық қасиетi ертеден белгiлi. Тіпті 1925 – 1936 жылдары бұл жерде курорт болған. 1960 жылдан қайта жұмыс iстей бастады.


Фото: Рахман қайнары / otdyh-vko.kz

Рахман қайнарының шипалық қасиетi оның құрамындағы көмiр қышқылының, радонның молдығында. Суы тұщы, минералдылығы 200 мг/л, құрамында гидрокарбонаттар, натрий, кальций, т.б. элементтер бар. Рахман қайнарының суы асқазан, ревматизм, гинекологиялық, жүйке, тыныс ауруларын және әр түрлi улану мен жараларды емдеуде қолданылады.


Балжан Жеңісқызы