24 қар, 2022 сағат 00:14

Катардағы ӘЧ-2022: турнирдің ең ірі жеңісі тіркелді


Футболдан Испания құрамасы Катардағы әлем чемпионатын ірі жеңіспен бастады, - деп хабарлайды Massaget.kz.

"Әл-Тумама" стадионында испаниялықтар Коста-Рика құрамасымен кездесті. Үзіліске дейін испан футболшылары үш гол соғып тастады. 11-минутта Дани Ольма көзге түсті. Тағы он минуттан соң Марко Асенсио қанжығасын майлады. 31-минутта Ферран Торрес пенальтиден гол соқты.

2010 жылғы әлем чемпионы екінші таймда да қарқынын бәсеңдетпеді. 54-минутта Торрес дубль авторы атанды. Ал 74-минутта Гави испаниялықтардың бесінші голын соқты.

Еуропалық құрама мұнымен де тоқтап қалмады, Карлос Солер еншісіне бір гол жазды. Ал матч нүктесін Альваро Мората қойды - 7:0.

Осылайша, Испания құрамасы ірі жеңіске қол жеткізіп, үш ұпаймен Е тобында көш бастады. Үш ұпайы бар Жапония азырақ гол соққаны үшін екінші орында тұр. Германия үшінші, Коста-Рика төртінші орында келеді.

Енді Испания келесі матчын 27 қарашада Германияға қарсы өткізеді. Ал Коста-Рика сол күні Жапониямен күш сынасады.