27 қар, 2019 сағат 11:41

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғыз Республикасына мемлекеттік сапары басталды

Бүгін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік сапармен Қырғыз Республикасына келді, – деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

Әуежайда Қазақстан Мемлекет басшысын Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков пен Қазақстанның Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Қайрат Нұрпейісов күтіп алды. Президенттің сапар бағдарламасына республика басшысы Сооронбай Жээнбековпен екіжақты келіссөздер жүргізу, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы Жоғары мемлекетаралық кеңесінің кезекті бесінші отырысына қатысу енген.

Жоғары деңгейдегі кездесу барысында саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық саладағы екіжақты өзара іс-қимылдың кең ауқымды мәселелері қаралатын болады.

Сонымен қатар, 28 қарашада Мемлекет басшысы Бішкек қаласында өтетін Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы (ҰҚШҰ) Қауіпсіздік кеңесінің сессиясына қатысады. Ұйымға мүше мемлекеттердің басшылары ұйым қызметі аясында өзара іс-қимылдың кең ауқымды мәселелерін талқылайды. Сонымен бірге, биылғы жылғы ұйым қызметтінің басым бағыттарын іске асырудың қорытындысын шығарады деп күтілуде.

«Мемлекет басшысы Қырғызстан Президентімен бірлесіп «Ата-бейіт» ұлттық тарихи-мемориалдық кешені мен Шыңғыс Айтматовтың мұражай-үйіне барады» деп жазды Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook -тегі парақшасында.