03 мам, 2022 сағат 16:22

Мажарстан сыртқы істер министрі Тоқаевты Будапештке шақырды


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдеріне жұмыс сапары аясында елордаға келген Мажарстанның Сыртқы экономикалық байланыстар және Сыртқы істер министрі Петер Сийартоны қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.

Кездесу барысында Қазақстан мен Мажарстанның саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы стратегиялық ынтымақтастығын дамытудың перспективалары талқыланды. 

Мемлекет басшысы мажарстандық дипломатқа ілтипат білдіріп, Премьер-министр Виктор Орбан жетекшілік ететін басқарушы «ФИДЕС» альянсын жуырда өткен парламенттік сайлаудағы жеңісімен құттықтады. Петер Сийарто Мажарстан басшылығының Қазақстан Президентін Будапештке сапармен келуге шақырғанын еске салды. 

Петер Сийарто Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Жаңа Қазақстанды құру үшін жүзеге асырылып жатқан жұмыстарды Виктор Орбанның қолдайтынын жеткізді. 

Екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікке тың серпін беру үшін Мемлекет басшысы Премьер-министр Виктор Орбанның шақыруы бойынша Мажарстанға қарымта сапармен баруға дайын екенін мәлімдеді.