12 қазанда Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат ретінде тіркеу мәселесі бойынша Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ОСК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Ортсайлауком хатшысы Мұхтар Ерман баяндама жасады. Ол 7 қазанда Орталық сайлау комиссиясына бірқатар республикалық қоғамдық бірлестік Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат етіп ұсыну туралы құжаттарды ұсынғанын хабарлады.
Орталық сайлау комиссиясына кандидатты тіркеу үшін мынадай құжаттар ұсынылған:
- Президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың активтер мен міндеттемелер жөнінде декларация тапсырғаны туралы Мемлекеттік кірістер органының анықтамасы;
- Президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың оны тіркеуге кедергі келтіретін аурулардың жоқтығы туралы медициналық қорытындысы;
- облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және Қазақстан Республикасы астанасының аумақтық сайлау комиссияларының Президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты қолдап жиналған азаматтардың қолдарын тексеру нәтижелері туралы хаттамалары.
"Хаттамаларға сәйкес Президенттікке кандидат Қ.К. Тоқаевтың қолдауына Қазақстанның барлық 20 өңірінен 399 809 азаматтың қолы жиналды. Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидатты қолдау үшін рас қолдардың қажетті қолдар саны шегіне жетуіне байланысты (кемінде 118 273 қол, ҚР ОСК № 69/549 Қаулысы) тексеру тоқтатылды.
Қ.К. Тоқаевты Президенттікке кандидат ретінде тіркеуге қажетті барлық құжаттар Орталық сайлау комиссиясына ұсынылды және оларға қойылатын талаптарға толық сәйкес келеді.
Отырыс қорытындысы бойынша ҚР ОСК қаулысымен Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2022 жылғы 20 қарашаға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат болып тіркеліп, тиісті куәлік берілді" - делінген хабарламада.