Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі кадрлық өзгерістерге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Президенттің Twitter парақшасына сілтеме жасап.
«Тәжірибелі мемлекеттік қызметші Қырымбек Көшербаев Марат Тәжиннің орнына Мемлекеттік хатшы лауазымына тағайындалды. Ұзақ жылдар бойы мемлекет ісіне сіңірген еңбегі үшін Марат Тәжинге алғыс айтамын. Оның білімі мен білігі еліміздің игілігіне қызмет ете береді», - деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ол сондай-ақ, басқа да ауыс-түйістерге қатысты пікір білдірді.
«Б.Атамқұлов Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі лауазымына ауыстырылды. Ол СІМ өкілеттігінің кеңеюіне байланысты министрліктің құрылымын қайта құру бойынша пайдалы жұмыс атқарды. Табысты еңбек жолынан өткен Р.Скляр Премьер-министрдің орынбасары болып тағайындалды», - дейді Мемлекет басшысы.
Еске сала кетейік, бүгін Мемлекет басшысының Жарлығымен Ерлан Қошанов Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы қызметіне тағайындалды. Марат Тәжин басқа жұмысқа ауысуына байланысты Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы қызметінен босатылды. Ал Қырымбек Көшербаев - Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, Роман Скляр - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары болды.
Сондай-ақ, Бейбіт Атамқұлов Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі, Мұхтар Тілеуберді Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі қызметіне тағайындалды.