23 қаз, 2021 сағат 00:45

Каспий теңізінің жағалауына қоқиқаздар ұшып келді


Атырау облысындағы резерватқа қоқиқаздар ұшып келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының орнитологы Илья Бофоновтың айтуынша, қоқиқаздар Каспий теңізінің жағалауында байқалған. 

«Бұл құс жыл сайын күзде резерват аумағы арқылы ұшады. Кейде өте көп жиналады. Қызғылт қоқиқаздар Оңтүстік Иран, Ирак, Үндістан, Франция мен Африка елдеріне дейін ұшады. Сол себептен, біздің резерваттың аумағына аялдап, демалады әрі қоректенеді. Бір ерекшелігі, қоқиқаздар бағытын ешқашан өзгертпейді» - дейді Илья Бофонов. 

Оның дерегіне сүйенсек, «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты Үкіметтің 2009 жылғы 6 ақпандағы қаулысымен құрылған. 2009 жылғы 1 сәуірде Жайық өзенінің Каспий теңізіне құяр сағасындағы резерват аумағы халықаралық маңызы бар сулы-батпақты алқаптар тізіміне енгізілген.