13 сәу, 2022 сағат 14:20

Каспий құбыр консорциумында жөндеу жұмыстары әлі басталған жоқ - министр


Каспий құбыр консорциумы бойынша жөндеу жұмыстары әзірге басталмады. Бұл туралы Энергетика министрі Болат Ақшолақов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Каспий құбыр консорциумы бойынша жөндеу жұмыстары әзірге басталмады. Ресейлік әріптестеріміз ауа райына байланысты теңіздің түбіне түсуге мүмкін болмай тұрғанын айтып жатыр. Сол бепті олар сәуір айының ішінде бүкіл жұмыстарды аяқтауға барлық мүмкіндігін салатынын уәде беріп отыр. Атап айтқанда, атқарылатын жұмыстар анықталды. Дегенмен, жұмысшылар бригадасы судағы жұмыстарды жүргізе алмай жатыр», - деді Ақшолақов Мәжілісте тілшілер сауалына жауап бере отырып. 

Осы орайда ол алдағы аптада ресейлік әріптестерімен келіссөз жүргізуді жоспарлап отырғанын айтты. 

Қазақстандық делегация Ресейге барып, консультация жүргізеді. 

«Сонымен қатар, жөндеу жұмыстарын жүргізетін мамандар да керек. Сондықтан консультация техникалық мамандар басшылығы деңгейінде жүріп жатыр. Біздің мамандар тиісті кездесу өткізу үшін Мәскеуге барды. Қосымша ақпаратты тағы да хабарлаймын», - деді ведомство басшысы.