25 там, 2022 сағат 15:17

Каспий құбыр консорциумы мұнай экспортының басым бағыты болып қала береді – министр


ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов Әзербайжан арқылы Қазақстан мұнайын экспорттаудың келешегі туралы пайымын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әзербайжан арқылы қазіргі маршруттардан артылған мұнайды экспорттау қаралып жатыр - министр 

«Мұнай экспортының балама жолдары туралы сұрақ қойылған сайын айтып жүрміз. Бүгінгі таңда Каспий құбыр консорциумы Қазақстан мұнайын экспорттаудың ұтымды жолы болып отыр. Яғни, ең негізгі міндет – осы маршруттың іркіліссіз жұмыс істеуін қамтамасыз етіп, Қазақстан мұнайын экспорттаудың орнықты каналын ұстап тұру. Бұл ел экономикасының өсімі үшін өте маңызды», - деді ведомство басшысы. 

Сондай-ақ ол Әзербайжан арқылы өтетін маршруттың Каспий құбыр консорциумына балама ретінде қарастырылып отырмағанын айтты. 

«Балама жол дегенде алдағы екі жылда ірі кеніштердің есебінен, жаңа шағын кен орындарын тауып, қолданысқа беру есебінен мұнай өндірісінің көлемін арттырмақшымыз. Сонда биылғы жоспар - мұнай өндірісінің көлемі 85,7 млн тоннаға жеткізу болса, келешекте бұл көрсеткіш 103 млн, тіпті 107 млн тоннаға дейін жетуі мүмкін деген болжам бар. Бұл қазір экспортқа жөнелтетін мұнайдан әлдеқайда көп. Сонда біз артылған көлемді жөнелтіп үлгерудің, іркіліссіз тасмымалдаудың қосымша жолдары туралы ойлануымыз керек. Сондықтан біз өзге балама маршруттарды қарастырып отырмыз», - деп түсіндірді министр. 

Айтуынша, Қазақстан мұнайын Каспий арқылы балама жолмен тасымалдаудың екі бағыты бар. 

«Бұл маршрут бойынша Әзербайжан да, Иран да әріптестік ұсына алады. Әр маршруттың өз ерекшелігі бар. Иранды айтсақ, күші жойылмаған санкциялар мәселесі бар. Сонда да ол бағытты қарастырып жатырмыз. Ал экспортталатын мұнайдың бір бөлігін Каспий арқылы Әзербайжанға жөнелту техникалық мәлесе деп айтуға болады. Сондай-ақ бұл жерде үлкен көлем туралы әңгіме жоқ. Жаңағы айтып отырған артылуы ықтимал көлемдерді жөнелту көзделіп отыр. Сондықтан Каспий құбыр консорциумының іркіліссіз жұмыс істеуі басым бағыт болып қалады. Сонымен қатар қосымша параллель маршруттар жолға қойылмақ. Бұл мұнай өндірісінің көлемі артуына байланысты қолға алынады», - деді Болат Ақшолақов.