Фото: depositphotos
ҚМА Ұлытау облыстық департаменті жер қойнауын заңсыз пайдаланып, қылмыстық табысты заңдастырып пайда тапқан жергілікті кәсіпкерге қатысты айыптау үкімін шығарды, деп хабарлайды Ult.kz.
Күдікті 2020-2023 жылдар аралығында «Шығыс Қаражал» карьерінен марганец рудасын лицензия мен жер қойнауын пайдалану келісімшарты жоқ болған күйде заңсыз өндірген.
Нәтижесінде, алынған руданың көлемі 16 мың тонна болса, ал мемлекетке келген шығын 1,1 миллиард теңгеден асты.
"Қылмыстық табысты заңдастыру мақсатында ол жалған келісімдер жасап, өзіне бақылаудағы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер арқылы өңделген темір-марганец рудасын елімізде және Ресей Федерациясында сатқан. Сауданың нәтижесінде қылмыстық табыс 3,5 миллиард теңгеден асты", - делінген хабарламада.
Сот үкімімен ол кінәлі деп танылып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.
Сондай-ақ оның 97,8 миллион теңгеге бағаланған мүлкі, соның ішінде 5 автокөлік пен ауыл шаруашылығы қожалығы тәркіленді.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.