Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров қалалық Білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева және Цифрландыру басқармасының басшысы Баян Қоңырбаевпен бірге аудандар басшылығымен оқу жылына дайындыққа қатысты жиналыс өткізді.
Талқыланған бірінші мәселе – оқушылар мен педагогтарды қашықтан оқу барысында сапалы және жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету болды.
«Бұған дейін жүргізілген сараптама және техникалық диагностикалау қорытындысы бойынша интернет және ұялы байланыс өткізгіштігі төмен 169 орын анықталған болатын. Бүгінгі таңда 141 нүкте бойынша жұмыстар аяқталды, қалғандары бойынша жұмыс жалғасуда. Сонымен бірге, қаңтар айынан бүгінгі күнге дейін мобильді байланыс операторлары Алматы қаласы бойынша осыған дейін болған базалық станциялар негізінде 164 нүкте жаңартылды.
Осылайша, қабылданған шаралар қашықтан оқытуды сапалы және іркіліссіз қамтамасыз етуге қажетті сигнал жылдамдығын арттырды.
Сонымен бірге, интернетке қосылуға мұқтаж 22 мыңнан астам оқушыға SIM-карталар және роутерлар сатып алынды», - делінген Өңірлік коммуникациялар қызметі таратқан ақпаратта.
Бұдан бөлек, жиналыс барысында аудан әкімдіктерінің баяндамалары тыңдалды.
Бүгін Алматыда балаларды1-сыныпқа қабылдау аяқталды. Биыл 27 мың оқушы 1-сыныпқа барады. Пандемия жағдайында оқу қашықтан ұйымдастырылады. 1-2 сынып оқушылары үшін кезекші топтар жұмыс істейді. Қашықтан оқытуға техникалық дайындықты қамтамасыз ету үшін 75 мыңнан аса бала және 2,2 мың мектеп мұғалімі компьютерлермен қамтамасыз етіледі. Бүгінгі таңда техниканың біраз бөлігі берілді, қалған компьютерлік құралдар 15 қыркүйекке дейін тапсырылады. Тиісті түсіндіру жұмыстары аудан әкімдіктері желісі бойынша жүргізілуде.
Онымен қоса, оқушыларды оқу материалдарымен 100% қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде.Қашықтан оқытуға жұмылдырылған мұғалімдер құрамы Bilimland.kz, Opiq.kz, Kundelik.kz, Microsoft.Teams сияқты цифрлы сауаттылықтың тиісті курстарынан өтті.
Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың қатаң сақталуының маңыздылығына ерекше назар аударды. Жекелей алғанда, оқушылар ағынын бағыттау алгоритмі, кезекші топтар үшін қоңыраудың дифференциалды кестесі, санитайзерлермен және дезинфекциялық құралдармен қамтамасыз ету, маска режимінің сақталуын бақылау, дезинфекциялық өңдеу, ауаны желдету және өзге мәселелер көтерілді.
Е. Бабақұмаров аудандық білім бөлімдері және білім беру мекемелерінің бірінші басшыларына балалар мен мұғалімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде әрқайсысына жеке жауапкершілік жүктелетінін еске салды.
Айта кетейік, қалалық Білім басқармасының желісі бойынша call-орталықтар қызмет етеді:
- Алатау ауданы 8 702 671 9650;
- Алмалы ауданы – 8 707 930 2005;
- Әуезов ауданы – 8 701 991 4875;
- Бостандық ауданы – 8 702 459 0906;
- Медеу ауданы – 8 701 783 9483;
- Наурызбай ауданы – 8 777 827 0580;
- Жетісу ауданы– 8 707 296 5560;
- Түрксіб – 8 701 352 4873.
Сонымен бірге, Орта білім беру (мектептер) бөлімінің - 8 775 908 5598, техникалық және кәсіби білім беру бөлімінің (колледждер) - 8 707 549 5495 call-орталықтары жұмыс істейді. Интернаттық мекемелердің мәселелері бойынша 8 747 878 8283 нөміріне хабарласуға болады.