25 қар, 2024 сағат 15:58

Қашаған төңірегіндегі дау: істі қарастыру қай сатыда өтіп жатыр


Фото: «QazaqGaz» ҰК» АҚ


ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанның Қашаған кен орнын игеруші алпауыт компанияларға қойған талап-арызына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Kazinform-ға сілтеме жасап.


Бұған дейін осы мәселеге қатысты толық ақпарат биылғы күзде жарияланатыны айтылған. 


Алайда министр бұл бағыттағы процесс жалғасып жатқанын атап өтті.


«Белгілі бір процедуралар бар. Осыған дейін тиісті тыңдаулар жүріп жатқанын, Халықаралық трибунал тараптардың ұстанымдарын қарастырып жатқанын айттым. Мұның бәрі биылғы күздің екінші жартысында аяқталып, біраз ақпарат жарияланады деп жоспарлаған едік. Өкінішке қарай, аталған тыңдаулар әлі жалғасып жатыр. Осы рәсімдер нақты қашан аяқталатыны белгісіз. Бұл мәселе халықаралық соттардың құзыретінде», - деді Алмасадам Сәтқалиев Парламент Мәжілістегі Үкімет сағатынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.


Еске салсақ, биыл жазда Қазақстан тарапы Қашаған кен орнын игеруші алпауыт компанияларға қойған талап сомасын 150 млрд доллардан 160 млрд долларға дейін ұлғайтқаны белгілі болған еді.