28 қар, 2018 сағат 14:56

Қаржаубай Сартқожаұлы: Халықтың өзі жасап кеткен тарихын өзіне қайтаруымыз керек

Өткен аптада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жарық көргені көпке аян. Тарихи тақырыпты қозғаған мақалаға қатысты белгілі түрколог, филология ғылымдарының докторы Қаржаубай Сартқожаұлымен әңгімелескен едік. Мархабат!

- Қаржаубай аға, әңгімемізді кеше ғана жарық көрген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласынан бастасақ. Тарихи тұжырымдама турасында қазір қоғамда қызу талқы жүріп жатыр. Қалай ойлайсыз, ел басшысының бұл жолғы бастамасын рухани-мәдени дербестігіміздің алғышарты, күрделі кезеңде халықтың санасын оятып, серпіліс беретін үндеу деп қабылдай аламыз ба?

- Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жарық көргеннен бергі бір жұманың ішінде қоғамда үлкен сең қозғалғандай болды. Ұлтын ұлықтаған, лайықты бағасы берілген көптеген мақалалар жарияланды. Сол дуалы ауыздардан шыққан дұғалы сөздерді, айтылған ұсыныстарды жүз пайыз қолдаймын. Солармен бір пікірдемін.

Мақала жақсы  насихатталып жатыр. Ерекше айтарым, бұл тарихи тұжырымдама Елбасының бұдан бұрын жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының тікелей жалғасы. Осы мақалаларда айтылған әр ой, әр сөз бүкіл халықтың, келешегімізді жалғастырушы бүгінгі ұрпақтың тарихи сана-сезімін қалыптастыруға даңғыл жол ашты. Елбасының әр сөзі ұлы мұхитта жүзіп бара жатқан кемеге бағдар көрсетіп тұрған жағалаудағы маяктай ғылыми-әдістемелік жол көрсетіп тұр.

Тарихи сана сезім дегеніңіз - сонау есте жоқ ежелгі дәуірден бермен қарай ұлтымыздың жасаған тарихи құндылықтарын ұрпақтың жадына сіңіріп, содан алған рухани қорегін ел мүддесіне арнайтын ұлы күш, баламасы жоқ қуатты энергия.

Біз мыңжылдықтарға жалғасқан бай тарихы бар халықпыз. Тарихты жасап қана қоймай, жер шарының тең жартысына қожалық еткен халықпыз. Ежелгі Ғұн, Көк Түрік, Жошы-Қыпшақ империясы соның айғағы. Жаһандық деңгейде мәдениет жасап, сол мәдениетімізбен әлемге әсер еткен халықпыз. Бұған дәлел: жартылай көшпелі, жартылай отырықшы мәдениет қалыптастыру; мал шаруашылығын игерудің әлемдік модулін жасау; қорғану қарулары, далалық соғыс тактикасы мен стратегиясын қалыптастыру; Жылқыны қолға үйретіп, әлем халқын атқа қондыру, әлемнің көркем сурет (живопись) өнеріне аң өрнегін (звериный стиль) енгізу; түркі этносының өз өкілі байырғы түрік бітігті әлем ой-санасының алтын қорына енгізу деген сияқты мыңдаған жаңалықтарды әлем өркениетіне қосқан халықпыз.

Біз мемлекеттілікті қайта жаңғыртып, жаңа тұрпаттағы мемлекет құрдық. Бейнелеп айтсақ, жаңа тұрпатты Ордамызды тұрғыздық. Енді елді рухпен һәм мемлекетшілдік түсінік қаруландыру қажет болып тұр. Ол дегеніңіз - бейнелеп жеткізсек, Ордаға кіріп барғанда жаныңызға, сезіміңізге ерекше күш беретін аура қалыптастыру деген сөз. Сіздің сұрап отырған рухани-мәдени дербестік деген - осы болмақ.

- Тарихымызға қатысты мәселелерге келгенде нақты бағасы берілмеген, шындыққа қайшы келер жәйттар көп. Кешегі ғылым қазақ халқының тұтас тарихын, мәдениетін, тұрмыс-ғұрпын еуроцентристік көзқарас һәм тоталитарлық режимнің шырмауынан шықпаған советтік таным шеңберінде зерттеген секілді. Ол тиісінше, халық санасында өз тарихы мен рухани дүниесіне үрке қараушылық, менсінбеушілік сияқты жаман әдеттерді қалыптастырғаны рас. Ендеше, Елбасы мақаласы еліміздің тәуелсіз, ғылыми негізі бар объективті тарихының жазылуына негіз бола ала ма?

- Біз Кеңестік 70 жылда өз тарихымыздан айырылып қалған едік. Тарихи сана-сезіміміз соққы алып, қайдағы бір ежелгі іспетті измдердің дұғасына байланып, есімізден айырылдық. Кеңестік кезеңде еуроөктемдік, ресейлік өктемдік идеологияның жетегінде кеттік. Енді осы идеологиядан жанымызды, ой арманымызды, ойлау қабілетімізді тазалау сіздер мен біздердің алдымызға қойылып отырған міндет. Елбасы осы өктемдіктерден құтылатын жолды көрсетіп берді. Бұл ғалымдар мен тарихшыларға үлкен жауапкершілік жүйтейді. Осылайша, измдерден тазаланып халықтың өзі жасап кеткен тарихын өзіне қайтаруымыз керек. Сондай жағдайда біздің халық өз тарихына менсінбей қарау, үрке қарау көзқарасынан айырылады.

- Шыңғыс хан тақырыбы да әлі күнге дейін даулы күйінде қалып отыр. Мұның бәрі қазақ тарихына қатысты түйінді мәселелердің толық тарқамағанын айғақтайтындай. Өзіңіз бір сұхбатыңызда Шыңғыс ханның көк түріктердің ел басқару жүйесін толықтай ұстанғанын айтыпсыз...   

- Шыңғыс хан және оның ұрпақтары тақырыбы қазақ оқырмандар ортасында дұрыс ашылмай жатыр. Асылында, З.Қинаятұлы еңбектерінде бұл мәселеге жақсы жауап берілген еді. Меніңше, оқырман қауым осы ғалымның еңбегіне үңіле алмай келе жатқан сияқты. Елбасымыз да бұған толық жауабын берген. Шыңғыс хан Орталық Азияда өмір сүріп келген қазақ, моңғол, татар, маньжу, тибет, қытай, орыстардың, Шығыс еуропа, Кавказ, Жерорта теңізі, Қараөзен маңындағы парсылар, арабтардың, грузин, армияндардың, украиндардың да ханы. Барлығы да кезінде Шыңғыс хан және оның ұрпақтарының қол астында болды. Ал, Жошы қаған қазақ жерін үлеске алып, билік құрды. Ол моңғол халқы үшін күрескен жоқ. Қазақ жеріне келіп қазақ болып кетті. Шыңғыс хан Жошыға осы ұлы даланы беріп тұрып «Жошы-Қыпшақ ұлысы» деп атады. «Жошы-Қыпшақ ұлысы» дегеніңіз - бүгінгі қазақтар. Франция саудагері Марко Полоға жол көрсетіп, ақыл кеңес берген бір кездесуінде «Қырым түбегінен Бейжіңге дейінгі аралықта жүріп өткен кезде жаныңда қайткен күнде бір қыпшақ аудармашың болсын. Қыпшақ тілі Орталық Азияның қатынас тілі» деген екен. Яғни, сол дәуірде қыпшақ тілі бүгінгі ағылшын тілінің рөлінде болды деп түсінуге болады.

Шыңғыс хан өзі үш татардың ұрпағы. Арғы тегі түркі-хият. Тілі б.з. IX-X ғасырдан бастап көршілес маньжу, түнгүс, қытайланған қидан тілдерінің әсерімен түркілік тегінен алыстап қалыптаса бастаған. Шыңғыс дәуірінде біраз алыстаған. Кейін буддизм дінін қабылдаған соң онан әрмен алыстап бүгінгі моңғол тілі қалыптасқан.

Шыңғыс империясы алғаш орнаған кезде Чиңғай Чинсан деген керей тайпасы адамы оның іс-басқарушысы болып жұмыс жасаған. Көк түріктің үшінші қағанаты - Біріккен түрік (ұйғыр) қағанаты құлағаннан кейін, X-XІ ғасырларда Керей, Найман тайпалық одақтары жеке-жеке хандық құрған. Олар Көк түрік дәуірінің мәдени-рухани құндылықтарын, ел басқару жүйесін ұмыт қалдырмай, жалғастырып пайдаланып келген. Шыңғыс қағанның іс басқарушысы Чинғай-Чинсан Көк Түріктердің сол дәуірін Моңғол империясы құрылған кезде сол қалпымен қолданған. М: Төр(билік), ел, хан, қаған, бітіг (жазу), бітігші (хатшы), тұрғақ (күндізгі қарауыл), кешігтін (түнгі қарауыл), тарығ (егін) т.т.с.с.

- Түрколог маман ретінде түркі мәдениеті мен көшпенділер өркениетінің бүгінгі зерттелу жайы туралы аз-кем айта кетсеңіз.

- Бұл өте үлкен тақырып. Түрік мәдениетін мәдениет ретінде жеке алып қарау керек. Шегіне жеткізіп зерттелді деп айта алмаймын. Қайта қарайтын, ары қарай тереңдеп зерттейтін  аспектілері әлі көп. Көшпелілер мәдениетінің отырықшы елдерге әсері өркениет тұрғысынан  зерттелу керек. Бұл тақырып тың дүние.  Бүгінге дейін игерілмей жатыр.

- Мемлекет басшысының мақаласы қазақ тарихын қайта зерделеуге мүмкіндік береді. Алдағы атқарылатын үлкен жұмыстардың бағыт-бағдары қалай болуы керек, нені ескеруі керек?

- Жасайтын жұмыс көп. Елбасының осы мақаласының аясында зерттеп жүрген ғалымдарды кірістіре отырып мемлекетттік бағдарлама жасаса  дұрыс болар еді. Барлық жұмысты Түркі Академиясына итере салуға болмайды. Өз басым Түркі Академиясының жұмысына көңілім толмайды. Кемшіліктер өте көп. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университеті, Түркістандағы Қазақ-Түрік универстеті, Алматы педагогикалық университеттері бірігіп отырып жұмыс жасаса жақсы нәтиже шығады деп ойлаймын.

- Әңгімеңізге рахмет!

Ұлт порталы