Қазақстанның кейбір азаматтары тиісті қызметтегі «жалқаулардың» кесірінен жазықсыз жапа шегіп жүр. Мәселен, соттың орындау құжаттары немесе әкімшілік айыппұл салынғандар мойнына түскен төлемнен толық құтылса да тиісті қызметтер бұл туралы Деректер базасына мәлімет бермегендіктен, қарыз болып қала береді екен.
Осындай «жалқаулардың» қатарына әсіресе, жекеменшік сот орындаушыларын жатқызуға болады. Өзіне қажетті өндіруге тиістісін алса да ондайлар Деректер базасына мәлімет бермейді екен. Тіпті, мәлімет бермегені үшін олар ешқандай жаза да тартпайтын көрінеді. Соның кесірінен адамдар шетелге шығайын десе шекарада «шығаруға болмайтындар» қатарында ұсталып, моральдық және материалдық жапа шегіп, шат-шәлекей болып жататын көрінеді.
Сондай-ақ құжаттарға енгізілетін өзгерістерді де Деректер базасына енгізбейтін мемлекеттік қызметшілер бар екен. Мәселен, фамилияңыздың соңындағы «ов», «ев» деген жат жұрнақтарды алдырып тастасаңыз да оларды тиісті қызмет Деректер базасына енгізуге «ерініп» қалатын көрінеді. Соның кесірінен шекарада «ұсталып», өзіңнің бұрынғы «Ахметовтың» орнындағы «Ахмет» екендігіңізді дәлелдей алмай, қатты қиналатын көрінесіз. Кейде мұндайдың ақыры «көк қағазбен» шешіліп, сыбайлас жемқорлыққа да жол ашып жататын көрінеді.
Міне, осындайларды болдырмас үшін Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров бастаған коммунистер тобы Әділет министрі Марат Бекетаевқа сауал жолдап, жасалған түзетулерді Деректер базасына дереу енгізбеген қызметкерлерді қатаң жазалауды талап етті.
Серік ЕЛЕУ, сарапшы
Ұлт порталы