05 қар, 2016 сағат 13:51

Қариясы бардың қазынасы бар

«Айнала алмай ат өлсін, айыра алмай жат өлсін» дейді абыз бабамыз Бұқар жырау. Еліміздің осы күндегі толағай табыстары мен жарқын жетістіктерін көңіліміз марқайып сөз еткенде ең алдымен «татулық» дейтұғын қазақтың қасиеті еріксіз ойға оралады. Әлбетте, асқаралы асуларды бағындырып, тәуелсіздігімізді тұғырлы да баянды ету әсте оңай болған жоқ. Кең-байтақ еліміздің аға ұрпағы, оның ішінде құтты қоныс, Қыдыр қонған жұлдызы биік Жуалының ардагерлері де егемендіктің қадіріне жетіп, еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының өлшеусіз еңбегін жоғары бағалап, елде жүргізіліп отырған салмақты да салиқалы саясатын үнемі қолдап келеді.

Тамырсыз ағаш болмайтыны сияқты тағдырсыз халық болмайды. Қазақ халқы – талай қиындықтарды жеңген, болашағына байыппен, үмітпен, сеніммен қараған тағдырлы халық. Тарихтың тереңіне көз тастасақ, халқымыздың қиын-қыстау жолдардан өткенін көреміз. Әріге бармай-ақ, Ұлы Отан соғысын алайық. Сол сұм соғыста қаншама адам қырылып кетті. Оның ішінде сол кезде ортақ Отанымыз саналған Кеңестер Одағын қорғау жолындағы қанды шайқастарда жуалылық азаматтар да Жеңісті жақындатуға зор үлестерін қосты. Даңқты жерлесіміз, көзінің тірісінде-ақ Алаштың айбозына айналып кеткен батыр ағамыз Бауыржан Момышұлының сөзімен айтсақ, бұл Жеңіс бізге арзанға түскен жоқ. Бір ғана Жуалыдан аттанған кісілердің ішінде 2636 жерлесіміз майдан даласында көз жұмса, 1342 жерлесімізге туған жердің дәм-тұзы бұйырып, елге Жеңіспен оралды.

Дана халқымыз: «Өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ» дейді. Ұлы Жеңісті жақындатқан ардагерлердің қатары да мейлінше сиреп қалды. Бүгінде Жуалы ауданында Ұлы Отан соғысына қатысқан небәрі 7 ардагер ғана қалды. Ал еңбек майданында тер төгіп, Жеңісті білек күшімен жақындатқан 502 тыл еңбеккері ортамызда жүр.

Біздің ақсақалдар қауымы өткен ғасырдың, өткен қоғамдық формацияның оңды жақтарын да, ауыртпалықтарын да бастан кешті. Кеңес Одағы ыдырап, елдегі өндіріс орындары жаппай жабылып, жұмыссыздық жайлаған қиын тұста да аға буын ұстамдылық пен көрегендік танытты. Жаңа ғасыр мен жаңа қоғамның асуларын бағындырып, тәуелсіздіктің ең әуелгі қаз-қаз басқан қадамдарын нығайтуға үлес қосты. Әлі де сол бағыттан айнымай, ел дамуы мен ұрпақ болашағы сынды игі де ізгі істер жолында аянбай еңбек етіп келеді. Ауданда 52 мыңдай халық бар десек, оның ішінде ардагерлердің, ақсақалдардың алар үлесі де айтарлықтай. Соғыс және еңбек ардагерлерінің, зейнеткерлердің күнделікті тыныс-тіршілігін жан-жақты қадағалап, қоғамдық іс-шараларға тарту арқылы олардың өмірлік бай тәжірибелерін дұрыс пайдалануды аудандық ардагерлер кеңесі мен кеңестің бастауыш ұйымдары мықтап қолға алған. Аудан бойынша барлық елді мекенде 73 бастауыш ұйым жұмыс істейді.

Олар ауылдық округтің әкімдерімен, басқа да мемлекеттік мекемелермен тығыз байланыс орнатқан. Барлық бастауыш ұйымдардың жанынан жастармен жұмыс жүргізу жөніндегі комиссиялар құрылған. Бұл комиссиялар жергілікті әкімдік, қоғамдық бірлестіктер және құқық қорғау органдарының көмегіне сүйене отырып, мемлекеттік жастар саясаты аясында тиісті іс-шараларды жүргізіп келеді. Ардагерлер тұрақты түрде жастармен, мектеп оқушыларымен кездесіп, көрген-түйгендерін, өмірлік бай тәжірибелерімен бөлісіп, ақыл-кеңес беруден жалыққан емес. Соның нәтижесі болар, ауданымызда үлкенді сыйлайтын, отаншыл, өр рухты жас­тар буыны өсіп келеді. Иә, еліміздің болашағы жастардың қолында. Осы тұрғыда бұл игі жұмыстарды әрі қарай ширата түсетін боламыз.

Еліміздің алдында әлемдегі дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіру міндеті тұр. Оған толық мүмкіндік те бар. Осындай мол мүмкіндігіміз, басты байлығымыз – денсаулыққа көбірек көңіл бөлінсе, оның ішінде қарттарға лайықты қамқорлық көрсетілсе деген де тілек бар қариялардың көңіл түкпірінде. Аға буын өкілдері ұзақ жасап, мемлекеттің, өз ұрпағының қамқорлығына бөленіп, ақылын айтып жүрсе қуаныш емес пе?

Қазақ – қашанда сабырлы халық. Дәуірлер өтеді, буын алмасады. Жаңа ұрпақ, жас буын жаңаша ойлайтын да болар. Сол жаңашылдық, жасампаздық, ержүректілік аға буын өкілдерінен жұғысты болғанын айтуға тиіспіз. Сондықтан Тәуелсіздіктің қадіріне жетіп, аға ұрпақтың жанкешті еңбектері мен ерен ерліктерін бір сәтке де ұмытпау қажет. Қарттарын қадірлеген елдің келешегі кемел, болашағы жарқын болатынын естен шығармайық, ағайын.

Жарас МҰРАТАЙ,

Жуалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы,

Жамбыл облысының құрметті азаматы