23 мау, 2022 сағат 22:15

Қарин Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойының жоспары жайлы баяндады


Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Facebook парақшасында Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойының жоспары туралы баяндады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Бүгін Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрлерімен бірге Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын атап өту барысын талқыладық.

Жыл басынан бері Алаш ардақтысының бейнесін, есімін дәріптеу, ұлт жадында қалдыру мақсатындағы көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды. ЮНЕСКО, ТҮРКСОЙ секілді халықаралық ұйымдар аясында да бірқатар ғылыми-ағартушылық бағыттағы жиындар өткізу жоспарда бар. Мысалы, ертең Халықаралық Түркі академиясы Ғылыми кеңесінің V отырысы болады. Соның шеңберінде А.Байтұрсынұлының мерейтойына арналған конференция өтеді.

Ұлттық құрылтайда ақын Светқали Нұржан ұлт ұстазының мерейтойы қарсаңында атқарылуы қажет бірнеше ұсыныс айтқан болатын. Ол ұсыныстар жалпыреспубликалық жоспарды жүзеге асыру барысында қаралатын болады" - деп жазды Қарин.

Сондай-ақ ол Ұлттық құрылтайдың бір топ мүшесімен жұмыс кездесуін өткізгенін, оған үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысқанын жеткізді.

"Онда Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысында Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың орындалу барысын талқыладық. Оның ішінде Quryltai қосымшасының әзірленуі жөнінде сөз қозғалды. Бұл платформа әрбір азаматқа әлеуметтік маңызды мәселелер бойынша идеялар мен бастамаларды ұсынуға мүмкіндік беретін болады.

Сонымен қатар, әріптестерімізбен бірге алдағы жұмысымыздың форматын белгіледік. Мұндай кездесулер Ұлттық құрылтайдың басқа да мүшелерімен өтетін болады" - деп түйіндеді Мемлекеттік кеңесші.