- 10 мың теңгелік банкноттағы Президент бейнесі 25 жылдағы жетістіктеріміздің көрінісі. Бұл пікірді ҚазАқпарат тілшісіне Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қарин білдірді.
«Меніңше, бұл бастаманың өзіндік символикалық мәні бар. Ең маңыздылығы да сонда - біз Елбасының әрқашанда өзінің бейнесін теңгеге салуға немесе бейнесі бар ескерткіштер тұрғызуға, өз атымен көше, қалаларды атауға қарсылық білдіріп жүретіндігін жақсы білеміз. Дегенмен, қазіргі сәт те ерекше болып тұр. Себебі, біз бір айдан кейін, еліміздің Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өтетін боламыз. Шындығын айтқанда, қанша жерден сыни көрінсе де осы мерейтойдың мән-мағынасына көп жағдайда терең үңілмейміз, оның маңызын да ескере бермейтін сияқтымыз. Бұл - біздің мемлекеттігіміздің, жаңа мемлекеттілігіміздің, азаттығымыз бен бостандығымыздың мерейтойы. Өзіміздің ғана емес өзгелердің де алдында да небәрі 25 жылдың ішінде ғана беделді, белді мемлекет құрғанымызды көрсетіп, мақтан етуіміз керек», - деді саясаттанушы.
Оның пайымынша, осынау тарихи кезеңдегі Елбасының атқарған рөлі, еңбегі орасан зор. Сондықтан да қазіргі ұрпақ Мемлкет басшысынң тарихи рөлін лайықты түрде танып, санасына сіңіру үшін нақты қадамдарға барулары қажет.
«Банкнотта Елбасының бейнесін жариялау тек кішкентай ғана қадам. Біз жаңа қоғам болғаннан кейін бұл тым мақтауға айналып кетпей ме деген сияқты жасқаншақтық бар. Мұндай жасқаншақтық, орынсыз ұяңдыққа салынып, алаңдай берудің қажеті жоқ. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың рөлі ерекше. Ол - Ұлттық лидер, Елбасы. Ол - ұлттық бірліктің сиволы. Біз 25 жылдың ішінде қол жеткізген жетістіктеріміздің барлығы бірліктің, Елбасының айналасына топтасуымыздың арқасы. Ал банкнотқа Президент бейнесін таңбалау сол жетістіктерімізді белгілеудің нышаны.
Жалпы, Елбасының атқарған еңбектеріне байланысты қоғам тарапынан басқаша түрде де баға берілуі тиіс. Тек осы бастамамен ғана шектелмеу керек. Бұл Елбасына қатысты мақтау, мадақтау емес. Бұл ұлттық тарихымыздың 25 жылы ішінде бірге өткізген кезеңнің нәтижеленуі деп есептеген жөн», - деді Ерлан Қарин.