Кеше ғана Өзбекстан үкіметі ашық түрде алғаш рет президент Ислам Каримовтың науқастанып, ауруханаға түскенін мәлімдеді. Ресми ақпаратқа сәйкес жергілікті дәрігерлер Каримовты "медициналық тексеруден өткізу мен емдеу шаралары біразға созылатынын да" айтқан.
"Фергана.ру" порталының бас редакторы, Орталық Азия елдері бойынша эксперт Даниил Каримов бұл жағдайға байланысты өз ойын былайша өрбітеді:
- 25 жылдың ішінде үкімет те, министрлер кабинеті де Каримовтың ауырғаны туралы бірде-бір рет сыбыс шығарып, жария етпеген. Ол комаға түсіп, 20 күнге жоқ болып кеткен кезде де ресми мәлімдемелер жасалмаған. Ал бүгін бәрін ашық айтып отыр. Демек, жағдай шынымен өте қиын. "Брежневтік нұсқа" да қайталануы ықтимал. Дүниеден озып, бірнеше уақыт өткеннен соң ғана шындықпен бөлісуі мүмкін. Бірақ Каримовтың кеткенінен көп ештеңе өзгере қоймайды. Мемлекеттегі авторитаризм сол қалпында сақталады. Мұрагер мәселесі де баяғыда қарастырылып қойған. Барлығы шешіліп тұр. Менің ойымша, өзбектердің келесі басшысы қазіргі премьер-министр Шавхат Мирзияев болады. Өйткені ол президент жанұясына жақын һәм таңдаулы орталар мен елдегі негізгі топтар арасында үлкен абыройға, жоғарғы орындарға ие. Ал, егер тақ иесінің ауысуы заң жүзінде жүзеге асса, қазіргі сенат басшысы президент болмақ. Оның атағы жоқ және көп ешкімге белгісіз саяси тұлға екенін ескерсек, Ислам аканың орнын басуы екіталай.