Бас прокурор Берік Асылов Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов қанша жылға сотталуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Мәжілістің жалпы отырысында депутат Наталья Дементьева Бас прокурордан «Әлеуметтік желілерде депутаттарға халықтан көптеген сұрақ келіп жатыр. Соңғы күндердегі ең өзекті сұрақтардың бірі - "Егер Кәрім Мәсімовтің және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басқа қызметкерлерінің кінәсі дәлелденсе, олар қандай жазаға таратылуы мүмкін?" Соған байланысты қылмыстық іс қай кезеңге келді?», - деп сұрады.
Асыловтың айтуынша, ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-басшысы және оның орынбасарлары 17 жылға сотталуы мүмкін.
«Мәсімов, оның үш орынбасары және екі бөлімше бастығына қатысты бірнеше іс қозғалып, тергеліп жатыр. Соның ішінде мемлекетке опасыздық жасау, билікті күшпен басып алуға әрекеттену, билікті асыра пайдалану және пара алу қылмыстары бар. Бұрынғы төраға мен оның орынбасарлары қамауда. Олардың әрекеттеріне құқықтық бағаны сот береді. Бірақ, алдын ала айтар болсақ, аталған қылмыстар үшін Қылмыстық кодекспен 17 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. Қазір тергеу әлі жүргізіліп жатыр», - деді ол.
Айта кетері, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов жаппай тәртіпсіздіктерден кейін 6 қаңтарда қызметінен босатылды. 8 қаңтарда оның ұсталғаны белгілі болды. Сондай-ақ оның екі орынбасары – Әнуар Садықұлов ("А" арнайы мақсаттағы қызметінің бастығы) мен Дәулет Ерғожин ұсталды. Артынан Мәсімовтың тағы бір орынбасары Марат Өсіпов қамауға алынды. Ал Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Самат Әбіш қызметінен босатылды.
Басында Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша тергеу басталған. Күдіктілерге мемлекетке опасыздық жасау және билікті күшпен басып алуға немесе Қазақстанның конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге бағытталған әрекеттерден басқа, "билікті немесе қызметтік өкілеттіктерді асыра пайдалану" бабы бойынша айып тағылып отыр. Сосын пара алу фактілері бойынша тергеу шаралары қолға алынды.
Мәсімов премьер-министр лауазымында болғанда бизнес-құрылымның бірінен астанада құны 2,5 миллиард теңге тұратын элиталық тұрғын үй мен жер телімін алды деген күдікке ілінді. Оның коттеджінен бума-бума доллар мен қымбат көліктер тәркіленді.