Мәжілістің жалпы отырысында депутат Фахриддин Қаратаев карьерлерді заңсыз игеру жағдайына тосқауыл қоюды сұрады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Бас прокуратураның мәліметінше, соңғы үш жылда республикада карьерлерді заңсыз игеруге байланысты 303 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Оның ішінде Ақмола облысында 32, Алматы облысында - 39, Түркістан облысында - 32, Шымкент қаласында - 11, Павлодар облысында -23, Шығыс Қазақстан облысы бойынша - 27, сондай-ақ басқа облыстарда осындай жағдай тіркелген. Мысалы Нұр-Сұлтан қаласының маңында 54 заңсыз карьер анықталған, Жамбыл облысында жер қойнауын өз бетінше қазғандардың 32-сі тіркелген. Бүгінгі таңда аталған мәселелер ашық күйінде қалып отыр», - деді депутат Үкімет пен Бас прокурартура атына жолдаған сауалында.
Оның пайымынша, бұл жағдай азаматтардың наразылығын туындатады және бірқатар жағдайларда әлеуметтік шиеленістің себебі болып жатады.
«Осылайша, көптеген өңірлерде кең таралған пайдалы қазбаларды – қиыршық тасты, құмды, сазды, қара топырақты және олардың басқа да түрлерін заңсыз өндірудің көптеген фактілері байқалады. Ал қоршаған ортаға келтірілген залалдың жалпы сомасы миллиардтаған теңгені құрайды. Бұдан басқа, ластанған ауаның салдарынан халық денсаулығының нашарлауы, сондай-ақ заңсыз әрекеттердің салдарынан инфрақұрылымның бұзылуы алаңдатарлық үрдіс болып отыр», - деді Фахриддин Қаратаев.
Осы орайда депутат карьерлер жұмысының жай-күйіне, қауіпсіздігіне және заңдылығына түгендеу жүргізу, карьерлердің жұмысын заңнама талаптарына сәйкес келтіру, карьерлерге және жалпы пайдалы қазбаларды өндіруге жер бөлу процесінің ашықтығын арттыру ұсынысын жасады.