27 қар, 2023 сағат 18:52

Қаратұрындағы өрт қашан сөндіріледі – Ноғаев жауап берді

Фото: Маңғыстау облысы әкімдігі

Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев елордадағы есеп беру брифингінде Қаратұрын кен орнындағы апаттың мән-жайын айтты, - деп хабарлайды Kazinform. 

9 маусымда «Бозашы Мұнай» ЖШС «Оңтүстік Қаратұрын» мұнай-газ кен орнында 1088 метр тереңдіктен бұрғылау құралының көтерілуі салдарынан өрт тұтанған еді. Қызыл жалын әлі күнге дейін өшірілген жоқ.

«Қаратұрын кен орнындағы апат әлі жойылған жоқ. Компанияның айтуынша, өрт келесі айдың соңында толығымен сөндіріледі. Ол үшін қажетті іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Қосымша ұңғымалар бұрғыланды, онда газдың қайдан келетінін анықтау үшін су мен басқа да реагенттерді беру мүмкіндігі жасалды», - деді Ноғаев Орталық коммуникациялар қызметінде.

Өңір басшысы Экология департаменті тиісті зерттеулер жүргізгенін атап өтті. Кен орнында метан шекті рұқсат етілген концентрациядан асып кеткен. Бірақ жақын маңдағы елді мекендерде мұндай байқалмаған.

«Өртті сөндіргеннен кейін барлық қажетті шара қабылданады. Экология департаменті Экологиялық кодекс аясында қажетті жұмыстарды жүргізеді», - деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.

Сондай-ақ өңір басшысы оқиғаға қатысты барлық бағалау жұмыстары өрт сөндірілген соң жүргізілетінін жеткізді.