Ресейден дәнді дақыл тұқымын әкелу проблемасы шешілді. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдары бірнеше рет хабарлағандай, Ресейден дәнді дақылдарды жеткізу проблемасы қалыптасқан. Мұның себебі Ресей тарапының дақылдарды экспорттауға тыйым салуы болған еді. Бұл тұқымдар бізге сортты жаңарту және сортты ауыстыру үшін қажет екенін ескере отырып, мәселе Премьер-Министрлердің орынбасарлары деңгейінде көтеріліп, нәтижесінде Ресей Федерациясының Үкіметі тұқымдарды әкетуге тыйым салуды алып тастады», - деді министр орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Оның атап өтуінше, Ресей тыйым салуды тұқымға рұқсат беру тәртібіне ауыстыру туралы шешім қабылдаған
«Қазіргі уақытта біздің ақпаратымыз бойынша рұқсат беру тәртібі әзірленді. Ол жақын арада бекітіледі. Сондықтан Ресейдпен әкелетінетін тұқым көлемі дер уақытындан, еліміздің солтүстік өңірлерінде көктемгі дала жұмыстарының басына дейін жеткізіледі», - деді Ербол Қарашөкеев.