22 шіл, 2021 сағат 12:22

Карантин: Шымкентте 150 адам жиналған той таратылды


Шымкент қаласында полицейлер кезекті рейд барысында 150 адам жиналған тойды тоқтатты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Еңбекші ауданының полицейлері Уалиханов көшесі бойында орналасқан тойхананың карантин талаптарын сақтамай, той өткізіп жатқаны туралы хабарлама алған. 

Тәртіп сақшылары тойханаға барғанда, онда эпидахуалға қарамай «Мерей той» өткізіліп жатқаны белгілі болған. Сонымен қатар, салтанат сарайының қызметкерлері келген қонақтардың дене қызуын тексермей, кіргізгені анықталған. Ал, даяшылар тойхана ішінде медициналық маскасыз қызмет көрсеткен.

«Аталған жайт бойынша, тойхана әкімшісі мен той иесіне ҚР ӘҚБтК-нің 425 -бабымен (Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу) шара қолдану үшін Шымкент қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне жолданды» делінген қалалық Полиция департаментінің хабарламасында.