Елордада карантин шараларды жеңілдету мүмкін болмай тұр. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының бас санитарлық дәрігері Жанна Пірәлиева мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«COVID белгілері бар пневмонияға шалдығуға қатысты мониторинг жүргізілуде. 4 қарашадағы жағдай бойынша COVID -19 белгілері бар пневмонияның (U07.2) 596 оқиғасы тіркелді. Соңғы 5 аптада күніне 5 жағдайға дейін тіркелуде. Қазан мен қараша айларында індет жұқтыру көрсеткішінің артуына байланысты қалада карантиндік шараларды жеңілдету мүмкін болмай тұр», - деді Ж. Пірәлиева онлайн режимде өткен коронавирус инфекциясының алдын алу шаралары бойынша баспасөз мәслихатында.
Сонымен қатар ол шетелден және еліміздің өңірлерінен келген адамдарға мониторинг жүргізіліп жатқанын атап өтті.
«2020 жылғы 2 қазан мен 4 қараша аралығында 162 рейстен 18 860 адам келді. Оның ішінде 15 736 адамда ПТР теріс нәтижесі бар анықтама болды, 3110-ы карантиндік стационарға жатқызылды және тексерілді, 14 адам депортацияланды, аурудың симптомсыз түрімен 7 адам анықталды», - деді бас санитарлық дәрігер.