Батыс Қазақстан облысында бүгіннен бастап карантиндік шектеу шаралары жеңілдетілді. Осыған орай «Ақжайық адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Әлия Сәлиева өз пікір-пайымын білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Оның айтуынша, карантиннің жеңілдетілуі санитарлық талаптарды сақтауды тоқтату деген сөз емес.
- Адамдар көп жиналатын жерлерде бетперде тағып, абай болу қажет. Әсіресе, кезекке тұрғанда әлеуметтік қашықтықты сақтауды ескермеуге болмайды. Бәрі өзімізге байланысты, - деді Әлия Өтемісқызы.
Әйтпесе коронавирус індеті қайта өршіп, карантин қатаңдатылуы мүмкін. Бұл базар, шаштараз және басқа нысандардың жабылуына соқтырады. Сөйтіп оларда жұмыс істейтін адамдар нәпақасыз қалады.
«Біз шілде айындағы оқиғалардан сабақ ала білуіміз керек. Қаншама жақын туыстарымыздан, достарымыздан айырылдық. Біз оларды ешқашан ұмытпаймыз.
Коронавирустың беті әлі қайтқан жоқ. Санитарлық талаптарды қатаң сақтауымыздың арқасында ғана індет кейін шегінді. Оны біржола жеңу үшін алдыңғы шепте жүрген дәрігерлермен бірге қарапайым тұрғындарға дейін бірлесе күресе білгені абзал. Сондықтан өз өміріміз бен денсаулығымызды сақтай білейік, ағайын!» деді Ә.Сәлиева.