10 тамыздан бастап елорданың барлық емханаларында алдын ала жазылу бойынша жоспарлы түрде қабылдау жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Тимур Мұратовтың айтуынша, дәрігерлер ересектер мен балаларға профилактикалық тексеру жүргізеді.
«Оның ішінде скрининг, жоспарлы стоматологиялық қызметтер, оңалту қызметтері, медициналық-әлеуметтік қолдау, медициналық-әлеуметтік сараптамаға медициналық құжаттарды ресімдеу, психологиялық көмек, күндізгі стационарлардың жұмысы, тәуліктік және күндізгі стационарларға жоспарлы емдеуге жатқызуға жіберу бар. Іс-шаралар күшейтілген санитарлық-эпидемологиялық нормаларды сақтай отырып жүргізіледі. Жұмыс күндері сағат 08:00-ден 17:00-ге дейін», - деді ол.
Сондай-ақ оның атап өтуінше, коронавирус инфекциясы белгілері бар адамдарды қабылдау бойынша фильтр-кабинеттің жұмысы жалғасуда. Қазіргі уақытта қалада тәулігіне 5,5 мың зерттеу қуаты бар 9 ПТР-зертхана жұмыс істейді. Оларда барлығы 305 мыңнан астам зерттеу жүргізілді.
Әкімдік медицина мекемелеріне 600-ден астам флоуметр, 500 оттегі концентраторы, 500 арнайы керует, жасанды тыныс алу және компьютерлік томография аппараттарын жеткізді. Шілде айында екі апта ішінде қалаға пневмония, коронавирус және басқа да ауруларды емдеуде қажет 110 тоннадан астам дәрі-дәрмек жеткізілді. Бұл жұмыстарды әкімдік тұрақты негізде жүргізеді.