16 там, 2020 сағат 09:30

Карантин алынады, елордалықтар қандай талапты сақтау тиіс?

17 тамыздан бастап карантин шаралары кезең-кезеңмен алынғанымен Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары бірқатар талапты сақтауы тиіс. Аталған талаптар елорданың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айгүл Шағалтаеваның қаулысында көрсетілген, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қаулыға сәйкес, елордада ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды, сондай-ақ отбасылық, еске алу шараларын, жиналыстарды, жиындарды және тағы басқаларын өткізуге тыйым салынады. Спорт жаттығулары тек ашық ауада жеке тәртіппен және кемінде 2 метр әлеуметтік қашықтықты міндетті түрде сақтай отырып, 5 адамнан аспайтын топтарда ғана өткізуге болады. 

Бір отбасы мүшелерінен немесе 3 адамнан аспайтын топтарды қоспағанда,табиғатқа экскурсиялық, корпоративтік, топтық сапарларды ұйымдастыруға және өңірдің көрікті жерлеріне шолу жасауға, сондай-ақ жағажайларда шомылуға тыйым сақталады. 

65 жастан асқан адамдардың қала және қоғамдық орындар бойынша жүріп-тұруына шектеу қала береді. 

Аулаларда серуендеуге және саябақтарға, алаңдарға, скверлерге, жағалауларға 3 адамнан аспайтын топтармен немесе бір отбасы мүшелеріне міндетті түрде бетперде киіп және кемінде 2 метр әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып баруға рұқсат беріледі. 

Қоғамдық орындарға, оның ішінде қалалық қоғамдық көліктерге және қызметі рұқсат етілген объектілерге барған кезде, көшеде жүріп-тұру кезінде (5 жасқа дейінгі балаларды қоспағанда және ашық ауада спортпен шұғылдану кезінде) маска кию, қашықтықты сақтау және антисептиктерді пайдалану жөніндегі талаптарды қатаң сақтау қала береді.