29 сәу, 2022 сағат 16:47

Қарақшылық шабуыл жасағаны үшін іздестіруде жүрген қазақстандық Германияда ұсталды

Фото ©REUTERS

Қарақшылық шабуыл жасағаны үшін іздеуде жүрген Павладар облысының тұрғыны Нюрнбергте ұсталды. Күдікті Интерпол арқылы халықаралық іздеуде болған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

"Павлодар облысының полицейлері Қазақстан Республикасы ІІМ Интерполдың Нюрнберг қаласындағы ұлттық орталық бюросымен бірлесіп, Павлодар облысының 19 жастағы тұрғынын ұстады. Жас жігіт өткен жылдың қыркүйек айында Екібастұзда қарақшылық шабуыл жасап, кейін қашып кеткен болатын", - деп хабарлады Павлодар облысының полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Ведомствоның мәліметінше, жігіт саябақта серуендеп жүрген қала тұрғынының 300 000 теңге тұратын ұялы телефонын тартып алған. Қылмыстық жауапкершіліктен құтылуға тырысқан күдікті Германияға қашып кеткен.

Сондай-ақ Павлодар қаласында Өзбекстан Республикасы Самарқанд облысының ІІБ іздестіріліп жатқан 58 жастағы  қылмыскер ұсталды. Ер адам алаяқтық жасады деген күдікке ілінген. 

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, биылғы жылдың басынан бері павлодарлық жедел қызметкерлер 25 қылмыскердің ізіне түскен.