02 шіл, 2022 сағат 17:53

Қарақалпақстан мемлекеттік органдарын басып алу әрекеті болды - Жоғарғы кеңес Нүкістегі оқиға туралы


Қарақалпақстанның Жоғарғы кеңесі Нүкістегі оқиға бойынша ресми мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

"Өзбекстан Республикасы жүргізіп отырған ашықтық және еркін ерік білдіру саясатына қарамастан, 2022 жылдың 1 шілдесінде Нүкіс қаласында қылмыстық топ Қарақалпақстан Республикасының мемлекеттік басқару органдарын басып алуға әрекет жасау түріндегі заңсыз әрекеттер ұйымдастырды.

Популистік ұрандарды жамыла отырып, азаматтардың санасы мен сеніміне айла-шарғы жасап, тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылар билік өкілдерінің заңды талаптарына бағынбай, азаматтарды республиканың әкімшілік ғимараттары кешенінің алдындағы алаңға жинады.

Арандатушылар жиналған адамдарға сүйене отырып, осы мемлекеттік мекемелерді басып алуға және осылайша қоғамға іріткі салуға, Өзбекстандағы қоғамдық-саяси жағдайды тұрақсыздандыруға әрекет жасады", - делінген хабарламада.

Парламент өкілдері заңсыз әрекеттердің жолы кесіліп, жаппай тәртіпсіздік әрекеттері ауыздықталғанын атап өтті.

"Мемлекетіміз жағдайдың одан әрі ушығуына жол бермеу үшін қажетті әлеуетке ие екенін жауапкершілікпен мәлімдейміз. Тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылар тобы мен құқық қорғау органдарына белсенді қарсылық көрсеткен адамдар ұсталды. Қазір оларға қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр. Барлық арандатушы анықталып, қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапқа тартылады", - деп мәлімдеді Жоғарғы кеңес.

Еске салайық, елдің қолданыстағы конституциясында Қарақалпақстан халқы жалпы референдум негізінде Өзбекстаннан шығу құқығына ие егемен республика ретінде көрсетілген. Жақында ел конституциясына түзетулер жобасына сәйкес бұл ережелерді алып тастау ұсынылатыны белгілі болды.

Өзбекстан ІІМ мәліметінше, заңсыз демонстрациялар 1 шілдеде сағат 15.00-де басталды. Қарақалпақстан тұрғындары қала бойынша шеру ұйымдастырды, содан кейін олар орталық дехкан базарының аумағына жиналып, заңсыз демонстрация ұйымдастырды.