28 шіл, 2021 сағат 17:44

Қарағандылық оқушы Халықаралық математика олимпиадасының жүлдегері атанды


Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Рақым Баймурзин 62-ші Халықаралық математика олимпиадасының (IMO) қола медалін жеңіп алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Биылғы жылы жас математиктердің жарысы онлайнда өтті. Олимпиадаға әлемнің 107 елінен 600-ден астам оқушы қатысты. Қарағандылық Рақым Баймурзин алты адамнан тұратын қазақстандық командаға енді. Құрама алты медальға ие болды: бір алтын, үш күміс және екі қола. 

«Тапсырмалар қиын болды. Нәтижесі қанағаттандырды. IMO-да 2022 жылы өнер көрсетіп, өз деңгейімді көрсете аламын деп үміттенемін», – дейді Рақым Баймурзин. 

Жас математиктің көптеген жетістіктері бар. Ол XVII Халықаралық Жәутіков және Халықаралық Азия-Тынық мұхит математика олимпиадаларының күміс жүлдегері, «Жібек жолы» халықаралық математикалық олимпиадасының қола жүлдегері. Назарбаев Зияткерлік мектептерінің желілік олимпиадасында және жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадада екінші орын алған.