Қарағандыға COVID-19, пневмония және басқа да бірқатар дертті емдеуде қолданылатын дәрі-дәрмектердің үлкен партиясы жеткізілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Дәрі-дәрмектер чартерлік рейспен ресейлік Нижний Новгород қаласынан жеткізілді.
Авиарейс Қарағанды облыстық әкімдігі және «Қазақмыс» корпорациясының қолдауымен ұйымдастырылды. Медициналық препараттардың жалпы салмағы 17 тоннаны құрайды. Дәрілердің жартысы, яғни 8,5 тоннасы Қарағанды облысқа арналған. Жүктің қалған бөлігі Павлодар және Нұр-Сұлтан қалаларына жөнелтіледі.
Бұл тауар гуманитарлық көмек емес.
Медициналық заттарды дәріхана желілерінің дистрибьюторы сатып алыған. Әкімдік дәрі-дәрмектерді сатып алу және енгізу процедураларын жеңілдету және логистика жөніндегі мәселелерге қолдау көрсетті.
Аталмыш партия стационарлар мен дәріханаларға таратылады.
Бұл жолы тұрғындар арасында аса қажет болып отырған препараттар сатып алынды. Олар: цефтриаксон, реамберин, клексан, преднизолон, циклоферон, азитромицин және ыстықты басатын дәрілер.
Жақын уақытта дәрі-дәрмектер Қарағанды облысының дәріханаларына және қалалар мен аудандардың стационарларына жеткізіледі.
Сондай-ақ өңірімізге 700 мың қаптама парацетамол жеткізіледі деп күтілуде.
Облыс тұрғындарының қажеттілігін өтеуге арналған дәрі-дәрмектерді жеткізу бойынша жұмыстар тұрақты түрде жалғасатын болады.