06 там, 2025 сағат 11:56

Қарағандыда "Sincere Systems Group" қаржы пирамидасын құрғандар сот алдына келді

Фото: ашық дереккөз

Қарағанды облысы бойынша Қаржы мониторингі агенттігінің департаменті "Sincere Systems Group" қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін құру және басқару фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Ult.kz.

Қаржы схемасы шетелдік инвестициялық компания ретінде көрініп, азаматтарға жоғары табыс әкелетін жобаларға — медициналық каннабис өсіру мен сату, сондай-ақ өзге де «инновациялық» бағыттарға инвестиция салуды ұсынған.

Алаяқтық схеманы заңды етіп көрсету мақсатында жеке кабинеттері бар арнайы сайт жасалып, қолданушылар SWP және SWCT ішкі токендері арқылы шоттарын толықтырып, кейін оларды фиат ақшаға айырбастай алған. Алайда, салымшылардың ақшасы күдіктілердің жеке қажетіне жұмсалғаны анықталды.

Тергеу барысында келтірілген залалдың жалпы сомасы 52 миллион теңгеден асқаны белгілі болды.

Соттың санкциясымен Астана және Теміртау қалаларында орналасқан, жалпы құны 76 миллион теңге болатын күдіктілердің жылжымайтын мүлкіне тыйым салынды. Сонымен қатар, оларға қатысты үй қамаққа алу және елден шықпау туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шаралары қолданылды.

Қылмыстық іс сотқа жолданды.