21 шіл, 2020 сағат 09:03

Қарағандыда індеттен жазылғандар саны ауруханаға түсіп жатқан науқастардан көп

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек өңірдегі эпидемиологиялық ахуал жайлы Үкіметке есеп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Науқастану көрсеткішінің деңгейі - 2 пайыздан төмен. Соңғы екі аптадағы талдау жалпы эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтанғанын көрсетіп отыр. Қазіргі уақытта пациенттердің күнделікті шығарылуы ауруханаға жатқызу көрсеткішінен жоғары. Ауруханалардағы орын жүктемесі 50 пайызға дейін төмендеді. Мысалы екі апта бұрын бұл көрсеткіш - 80 пайыз болған еді. Жедел жәрдем шақыру жағдайы соңғы аптада үш есе төмендеді», - деді Жеңіс Қасымбек Үкімет отырысында. 

Қарағанды облысы әкімінің айтуынша, күз және қыс мезгіліне жан-жақты дайындық жүргізіліп жатыр. Ауруханалардағы орын саны 4486-ға дейін жеткізілді. Ауруханаларды заманауи медициналық құрылғылармен жарақтау жалғасуда. 

«Пандемияның алғашқы айларында қолда бар 42 өкпені жасанды желдету аппаратына қосымша 120 аппарат, 160 оттегі концентраторы сатып алынды. Қазіргі таңда тағы 90 өкпені жасанды желдету аппараты алынып жатыр. Оның оны осы аптада жеткізіледі. Науқастарды оттегімен қамтамасыз ету үшін 1500 концентратор сатып алынды», - деді ол.