28 шіл, 2020 сағат 12:33

Қарағандыда дәрі-дәрмекті қымбатқа және рецепсіз сатқан 36 дәріхана анықталды

Қарағанды облысында мониторинг топтары 324 дәріхананы тексерді. Оның 36-сында тәртіп бұзушылық анықталды. Бірқатар тәртіп бұзушылар жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Тексерушілер дәрі-дәрмектерге шекті құнынан 20%-ға жоғары баға қойған алыпсатарлықтың жолын кесті. Сондай-ақ препараттарды рецепсіз босату фактілері мен заңсыз фармацевтикалық қызмет жағдайлары анықталды.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша 50 материал қаралды. Облыстық тауар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің өндірісінде тағы 10 материал бар.

«Бес хаттама ҚР ӘҚБК 424-бабының 1-бөлігі бойынша жеке тұлғаларға қатысты жасалды («Қызметтің осы түріне сертификаты және (немесе) лицензиясы жоқ тұлғаның заңсыз медициналық және (немесе) фармацевтикалық қызметпен айналысуы»). Тәртіп бұзушыларға айыппұл салынды. Айыппұл мөлшері бес айлық есептік көрсеткішті құрайды. 

Қысқартылған өндіріс тәртібінде ҚР ӘҚБК 426-бабының 1-бөлімі бойынша 24 хаттама қаралды («Фармацевтикалық қызмет және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар айналымы саласындағы ережелерді бұзу). Тағы 6 материал жеке тұлғаларға, 18 шағын кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты қозғалған. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 3 458 610 теңгені құрады», - деп мәлімдеді Қарағанды облысының Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті.

Мамандандырылған әкімшілік соттарға дәріханаларда және заңсыз кәсіпкерлік қызметте бұзушылық фактілерінің анықталуы бойынша 8 материал берілді.