28 шіл, 2021 сағат 14:04

Қарағанды облысының Ұлытау ауданында дала өрті сөндірілді


Қарағанды облысының Ұлытау ауданында құтқарушылар дала өртін сөндірді. Құрғақ шөп 25 шілде күні жанды. Екі тәулік ішінде өрт сөндірушілер жалынмен күресіп, оны тоқтатты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Өртті сөндіруге ТЖ департаментінің, орман шаруашылығының бөлімшелері, жергілікті атқарушы органдар, полиция бөлімі, өртке қарсы ерікті құрамалар мен жергілікті тұрғындар жұмылдырылды. 

«Қарағанды облысында 29 шілдеде күндіз кей жерлерде найзағай ойнап, өрт қаупі сақталады. Облыс тұрғындары мен қонақтарын қауіпті кезеңде ормандар мен далаларда отты пайдалану кезінде ерекше сақ болуды сұраймыз», – деді облыстық ТЖД қарағандылықтарға.

Естеріңізге сала кетейік, құтқарушылар Қарағанды облысының Ұлытау ауданында аумағы 4 000 га құраған табиғи өртті сөндіруге қатысты. Өртті сөндіруге Қарағанды облысы ТЖД, жергілікті атқарушы органдарының, орман шаруашылығының күш-құралымдары, өртке қарсы ерікті құрылымдар және жергілікті тұрғындар жұмылдырылды. Олардың жалпы саны - 229 адам мен 66 техника.