26 қаң, 2024 сағат 14:22

Қарағанды облысының тұрғыны 40 млрд теңгеге жалған шот-фактура жазып берген

© Photo: Азаматтарға арналған үкімет

Қарағанды облысының тұрғыны жұмыстарды нақты орындамай жалған шот-фактураларды жазып беру бойынша қылмыстық әрекетке барған. Аталған дерек бойынша ҚМА аумақтық департаменті сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.

Қылмыстық схема сатып алушы контрагенттермен үшжақты шарт жасасумен микроқаржы ұйымдарда алынған жалған займдарды пайдалану арқылы жүзеге асқан.

Контрагент бақылауындағы ЖШС-ға емес, МҚҰ-ға қарызды өтеу түрінде төлем жүргізген.

"Бұл қылмыс жасаушы азаматтарға қарыз беру шарттары негізінде қолма-қол ақша алуға және оларды жеке тұлғаларға беру арқылы жалпы сомадан 2-6%-ға дейін материалдық пайда алуға мүмкіндік берді.

Мәселен, 2022 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін сатып алушы контрагенттері бар 9 компания бойынша жалпы айналым 40 млрд теңгеден асты.

Тергеу барысында жалған шот-фактураларды жазып беруге байланысты қылмыстық әрекетті бұрын осыған ұқсас қылмысы үшін 3,5 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілген Қарағанды облысының тұрғыны ұйымдастырғаны анықталды" - делінген хабарламада.

Тергеу жалғасып жатыр.

Ведомство мәліметінше, жалған мәмілелер жасасу, қаражатты заңсыз қолма-қол ақшаға айналдыру ел бюджетіне миллиардтаған салықтардың түспеуіне әкеліп соғады. Экономикалық қылмыстың бұл түрі мемлекеттік әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға, зейнетақы мен жәрдемақыларды төлеуге, жаңа жол, аурухана, мектеп салуға кедергі келтіреді.