Скриншот:polisia.kz видеодан
Қарағанды облысында жыл басынан бері заңсыз айналымнан 14 млрд 750 млн теңге көлеміндегі бір тоннадан астам есірткі тәркіленіп, 45 адам ұсталды, деп хабарлайды Ult.kz ІІМ-ге сілтеме жасап.
Ішкі істер министрлігінің ақпараттық медиа-порталы хабарлағандай, Қарағанды облысының полициясы ауқымды "Қарасора-2025" операциясы аясында есірткі айналымына қатысты құқықбұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу бойынша жүйелі жұмыстарды жалғастыруда.
Қарағанды облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Әбіл Әбілдиннің айтуынша, қазіргі уақытта негізгі қауіп синтетикалық есірткілерден туындап отыр. Өңірде олардың тәркіленген көлемі 590 килограмға жеткен. Тәркіленген заттардың басым бөлігі мефедрон мен альфа-PVP құрайды.
Заңсыз айналымға түспеген есірткінің жалпы құны 14 млрд 750 млн теңгеден асады, бұл шамамен 30 млн АҚШ долларына тең.
«Оперативтік іс-шаралардың нәтижесінде есірткі бизнесіне қатысы бар 45 адам ұсталды, олардың арасында 13 ұйымдастырушы мен есірткі таратушылар бар. Тергеу барысында қылмыстық жолмен табылған 560 млн теңгеден астам қаржыны заңдастырған, өңіраралық байланысы бар ұйымдасқан қылмыстық топтар әшкереленді», – деді Әбіл Әбілдин.
Сонымен қатар облыс аумағында есірткіні жарнамалайтын жеті мыңнан астам граффити-жазу жойылып, осындай жарнамаларды таратқан үш адам ұсталды.
Бұған дейін Астанада 33 жастағы әйел есірткі тарату күдігімен ұсталған болатын. Полиция дерегінше, сол түні ол алғашқы “тапсырмасына” шыққан.
Алматыда да бір ер адам есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар деген күдікке ілінді. Оның телефонынан есірткі жасырылған орындардың суреттері табылған.
Жетісу облысында есірткі тасымалдады деген күдікпен Алматы қаласының 22 жастағы тұрғыны ұсталды. Бойжеткен түнде таксимен Талдықорғанға бірнеше түйіншекпен бара жатқан.
