11 қар, 2024 сағат 16:54

Қарағанды облысында ірі көлемдегі есірткімен әскери қызметкер ұсталды

Фото: Pexels.com

Қарағанды облысы Полиция департаментінің хабарлауынша, «Балқаш-Сарышаған» жолында тоқтатылған көліктен есірткі табылды, деп хабарлайды Ult.kz.

«10 қарашада "Балқаш-Сарышаған" автожолында патрульдік полиция батальонының қызметкерлері 31 жастағы азамат басқарып келе жатқан "Geely Coolray" автокөлігін тоқтатты. Көлікті тоқтатуға мемлекеттік нөмірлік белгілердің болмауы сияқты жол қозғалысы ережелерін бұзу себеп болған», - деп хабарлады облыстық полиция департаменті.


Көлікті тексеру барысында жүксалғыштан салмағы шамамен 12 кг болатын ақ түсті ұнтақ тәріздес зат салынған 18 пакет табылды. Оқиға орнына тергеу-жедел тобы шақырылып, тыйым салынған заттың бар екендігіне қатысты күдік расталды.

Кейін көлік тізгінінде болған № 29108 әскери бөлімнің дивизион командирі екені анықталды.

Осыған байланысты Құрлық әскерлерінің баспасөз қызметі түсініктеме берді.

«10 қарашада демалыста жүрген Сарыөзек гарнизонындағы әскери бөлімнің әскери қызметшісін Жетісу облысына есірткі тасымалдауы кезінде ҰҚК қызметкерлері  ұстады. Қылмыстық іс қозғалды. Тергеудің объективті өткізілуі мақсатында Құрлық әскерлері құқық қорғау органдарына көмектесуде», - делінген хабарламада.


Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жүргізуші қамауға алынып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.