09 қар, 2020 сағат 10:35

Қарағанды облысында дәрі-дәрмектің үш айлық қоры бар

Қарағанды облысында коронавирус инфекцияның ықтимал екінші толқынына дайындық кезеңінде дәрі-дәрмек қоры қамтамасыз етіліп, емханалар мен ауруханаларды жабдықтау күшейтілді. Бұл туралы өңір басшысы Жеңіс Қасымбек Saryarqa телеарнасында өткен брифингте айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ауруханалар, емханалар мен дәріханалар үшін қажетті дәрі-дәрмек қорын толықтырдық. «Фармация» СК-мен препараттардың қосымша көлеміне өтінімдер жасалды. Қазір дәрі-дәрмек қоры үш айлық норманы құрайды. Оның ішінде диспансерлік есепте тұрған барлық пациенттер қажетті дәрі-дәрмек қорын қаңтар айын қосқанда үш айға алады», - деп хабарлады өңір басшысы. 

Дәріханаларда сату үшін қосымша қолжетімді бағамен «Азитромицин», «Дексаметазон», «Ибупрофен», «Левофлоксацин», «Надропарин», «Ривароксабан», «Цефтриаксон» сияқты препараттар сатып алынады. Бұл сырқаттанушылық маусымы жоғарылаған кезде дәрі-дәрмек тапшылығына жол бермеуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, облыста 1 млрд теңгеге дәрі-дәрмектердің тұрақтандыру қоры құрылды. 80 мың пакет вирусқа қарсы препараттар, 1 100 мың пакет ыстықты түсіретін, 200 мың пакет бактерияға қарсы препараттар сатып алынды. Дәрі-дәрмектің бұл көлемі бөлшек дәріхана желісінде сатуға арналған.

Жеңіс Қасымбек ауруханаларға қандай жаңа жабдықтар берілгені туралы да айтып берді. 223 ӨЖЖ аппараты, 2 500 оттегі концентраторы, 2 600 пульсоксиметр, 40 сандық рентген аппараттары сатып алынды. 25 госпитальде орталықтандырылған медициналық газ беру жүйесі орнатылған.

Облыста 18 компьютерлік томография кабинеті жұмыс істейді. Тағы 4 компьютерлік томограф Шахтинск, Балқаш, Жезқазған, Сәтбаев қалаларында орнатылған.

Кадр мәселесіне де көп көңіл бөлінеді, деп атап өтті облыс әкімі. Өңірлерге жұмыс істеуге келген медицина қызметкерлеріне қызметтік тұрғын үй беріледі. Биыл 120 пәтер қамтамасыз етілсе, келесі жылы тағы 400 пәтер дайын болады.

Аймақ басшысы азаматтық жауапкершіліксіз вирусты жеңу қиын екендігін айтты.

«Міндетті түрде бетперде киіп, әлеуметтік ара қашықтықты сақтап жүріңіздер. Бұл сіздердің денсаулықтарыңыз бен өмірлеріңізді сақтаудың маңызды әдістерінің бірі», - деді Жеңіс Қасымбек қарағандылықтарға қарата айтқан сөзінде.