Қарағанды облысында дала өртін сөндіру кезінде үш адам зардап шекті. Олар ауруханаға жатқызылды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Зардап шеккендер - Қарқаралы ауданы Егіндібұлақ ауылының тұрғындары. Оларды 18, 28 және 90% күйік шалған. Бірінің жағдайы ауыр.
17 қыркүйекте облыс аумағындағы Ақтоғай (жану алаңы - 200 га, 500 га, 2000 га), Қарқаралы (жану алаңы - 530 га, 300 га) және Шет аудандарында (аумағы - 40 га) 6 табиғи өрт сөндірілді.
«Қарқаралы ауданының Балқантау ауылдық округіндегі табиғи өртті ауыздықтау барысында 1989, 1979 және 1973 жылы туған Егіндібұлақ кентінің 3 тұрғыны ауруханаға жатқызылды. Олардың денесін 18, 28 және 90% термиялық күйік шалған», - деп мәлімдеді Қарағанды облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Бүгін таңертең 18 қыркүйекте Ақтоғай ауданында 300 га алаңда табиғи өрт ауыздықталды.
Табиғи өрттерді жоюға 339 адам және 94 техника, оның ішінде ТЖ департаменті (93 адам, 22 техника) және жергілікті атқарушы органдардың өртке қарсы ерікті құралымдары (246 адам, 72 техника) жұмылдырылды.