Қарағанды облысы Саран қаласының маңында жолаушылар автобусы апатқа ұшырады. Қарағанды-Шахан бағытындағы қалааралық автобус трактормен соқтығысып, жолдан шығып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жол апаты 29 қыркүйек сағат 19:30 шамасында болды. №127 маршруттық автобус Саран маңындағы тасжолда трактормен соқтығысқан.
«Жол-көлік оқиғасы салдарынан зардап шеккен төрт адам медициналық мекемеге жеткізілді. Аталмыш дерек полицияда тіркелген. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын анықтау бойынша алғашқы тергеу шаралары жүргізілуде», - деп хабарлады Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.
Денсаулық сақтау басқармасы зардап шеккендердің жағдайы туралы келесідей мәлімет берді:
«Барлығы 21 адам зардап шекті. Оның бесеуі Мақажанов клиникасына жатқызылды. Науқастардың жағдайы орташа ауыр. Қалғаны амбулаторлық емделуге жіберілді», - деп хабарлады ведомствода.