29 нау, 2023 сағат 04:45

Қарағанды облысында 20 мектепте бухгалтер жоқ, зардабын мұғалімдер тартып отыр

Фото: profbuhkz.kz

Қарағанды мектептерінде бухгалтер жетіспей жатыр. Соның салдарынан қаладағы оқу орындарының бірінде мұғалімдер жалақы кешіктіріліп, зейнетақы қорына қаражат аударылмай жатқанын айтып дабыл қақты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" КТК телеарнасына сілтеме жасап.

"Оқу жылының басында біраз мұғалім қиындық көрді. Олар ипотека рәсімдегенде келісім берілмеді. Себебі бірнеше ай зейнетақы қорына қаражат түспеген, яғни сіз "жұмыс істемегенсіз" деген сияқты. Автокөлік ала алмай, өзіне қажет тұрмыстық зат ала алмай, осындай келеңсіздікке тап болды", - дейді №74 орта мектебінің мұғалімі Лилия Зәрубаева.

Мұғалімдердің айтуынша, жалақының үнемі кешіктірілуі несие өтеуге кесірін тигізеді. Ол түгілі декрет және еңбек демалысының төлемін телміре күтуге тура келеді. Ұстаздар, тіпті, қаражат алаяқтық жолмен қаржы қитұрқылығына  араластырылуы мүмкін деп те топшылайды.

Дегенмен шенеуніктер бүгін оларды сабырға шақырды. Олардың айтуынша, зейнетақы қорына қарыз сома толық өтелген. Төлемді кешіктіргені үшін тіпті салық комитеті айыппұл да салыпты. Бұған мектептерде есепші тапшылығы себеп дейді. Қазір өңірде 20 мектеп бухгалтерсіз отыр.

"Маман тапшылығы жалақы төмендігінен туындап отыр. Есепшінің қолына алатын айлығы - 90 мың теңге. Ал атқаратын жұмыс көп. Қаражат аудару, мұғалімдердің сағатын санау, кірісшығыс есептері. Мұғалімдерге 300-ден 500 мыңға дейін аударып отырып, өзі 100 мың теңгеге жетпейтін жалақыға жұмыс істегісі де келмейді", - деді Қарағанды білім бөлімінің бас есепшісі Елена Рақымова.