17 шіл, 2020 сағат 12:36

Қарағанды медуниверситетінің студенттері провизорлық стационарларда көмек көрсетуде

Қарағанды медицина университетінің студенттері провизорлық және инфекциялық госпитальдарда дәрігерлерге көмектесуде. Олар орта және кіші медицина қызметкерлерінің жұмысын орындайды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Аға әріптестеріне көмектесу туралы шешімді студенттер қиын кезеңде өз еріктерімен қабылдаған. Интерндердің бір бөлігі ерікті негізде стационарларда волонтерлер ретінде жұмыс істейді. Басқалары науқастарға үйге барып, емханаларда фельдшерлер жұмысын орындайды.

Студенттер 15 күндік вахтамен жұмыс істейді. 7-ші курс интерні Мадияр Арғынбаев өзінің алғашқы вахтасын маусым айында профессор Х.Ж. Мақажанов атындағы көпсалалы ауруханада жансақтау және қарқынды терапия бөлімінде аға медициналық ретінде өткізді. Содан кейін Қарағанды қаласының №2 көпсалалы ауруханасы базасында инфекциялық стационарда жұмыс істей бастады. Мадияр резидентураға түсуді жоспарлап отыр. Жас жігіт кардиохирург болғысы келеді.

Мадиярмен бірге сол ауруханада мейірбикенің міндетін оның курстасы Анар Елеуова да атқаруда.

«Менің міндетім - пациенттерге күтім жасау, тағайындауларды, манипуляцияларды уақытылы орындау, бақылау парағын жүргізу. Осы қиын кезеңде елге көмектескеніме қуаныштымын. Ең жақсы күндер алда екеніне сенемін», - дейді Анар.

Кейбір студенттер ерікті негізде ауылдық клиникаларға аттанды. Мысалы, медицина университетінің 5-ші курсын бітірген Санат Кушенов Павлодар облысының Майқайың ауылына кетті. Онда ол санитар болып жұмыс істейді.

«Біздің студенттеріміз осындай қиын уақытта еліне өз еркімен көмек көрсетуді шешкеніне қуаныштымыз. Бұл қандай дәрігерлер буынын тәрбиелеп жатқанымызды көрсетеді», - деп атап өтті медицина университетінің баспасөз хатшысы Татьяна Уличева.