Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Қапшағай қаласын қайта атау мәселесі пысықталып жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекет басшысы «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына жолдауы шеңберінде елдің саяси жүйесі мен әкімшілік-аумақтық құрылымын өзгерту бойынша нақты міндеттер қойды.
Бұл мемлекеттік құрылыстың жаңа кезеңінің басталуын білдіреді.
Мемлекет басшысы ұсынған бастамалар елімізде жаңа саяси мәдениетті қалыптастыруға бағытталған реформалардың мұқият зерделенген бағдарламасы болып табылады.
Атап айтқанда, еліміздің Конституциясына 30-дан астам өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі, сондай-ақ жыл соңына дейін 20-дан астам заң қабылданады», - деген министр Жолдауды іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы әзірленгенін атап өтті.
Айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру мақсатында Ұлттық экономика министрлігі негізгі 3 бағыт бойынша жұмыс жүргізеді. Олар:
1. Елдің әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіру;
2. Жергілікті өзін-өзі басқаруды орталықсыздандыру;
3. Дағдарысқа қарсы кезек күттірмейтін шаралар.
«Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарын құру көзделуде және халықтың пікірін ескере отырып, Қапшағай қаласын қайта атау мәселесі пысықталуда», - деді Әлібек Қуантыров.