Мәжілістің жалпы отырысында депутат Жанарбек Әшімжан құзырлы органдар «қаңтар қасіретіне» байланысты қоғам сұрақтарына жауап беруі керек екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жыл басындағы еліміздің қоғамдық-саяси өміріне «Қаңтар қасіреті» деген атпен енген тағдырлы кезеңнің орын алғанына көп уақыт өткен жоқ. Әрине, бұл Тәуелсіз Қазақстанның саяси тарихындағы ең бір ауыр және мемлекеттік құрылымға да сын-қатер төнген аса қиын шақ болғаны даусыз. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы сол қаңтар оқиғасы кезінде елде орын алған жағдайларға байланысты жедел тергеу тобын құрып, егжей-тегжейлі тексеру бағытында тиісті мемлекеттік органдарға арнайы тапсырма берген. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы «Қаңтар қасіретінен» зардап шеккен азаматтарға, бизнес нысандарына тиісті мемлекеттік қолдау жөнінде нақты міндеттемелер жүктеген болатын. Содан бері екі айдың жүзі болды. Жақында ғана әріптестеріміз республиканың әр өңірінде болып, ел-халықпен кездесіп, түйіні қалың түрлі әлеуметтік мәселелерді өз көздерімен көріп қайтты. Сол кездесулерде қоғам тарапынан, елдегі белсенді азаматтардан, ақпарат құралдарының өкілдерінен «Қаңтар оқиғасына құқықтық баға қашан беріледі?» деген сұрақтар қойылды», - деді Ж. Әшімжан ҚР Бас прокурорының атына жолдаған сауалында.
Осы орайда ол депутаттар осы қаңтар оқиғасына байланысты жағдайларға алғашқы сәттерден бастап араласқанын жеткізді. Мәжіліс депутаттары әр өңірге барып, оқиғаға қатысты ұсталғандармен, қоғам белсенділерімен, адвокаттармен, істі болып жатқандардың туыстарымен, оқиға салдарынан зардап шеккен кәсіпкерлермен, әскерилермен кездесті. Қираған ғимараттар мен техникаларды, стратегиялық нысандарды өз көздерімен көрді.
«Мен қаңтардың қаралы күндері ең ауыр жағдайларды бастан кешкен Алматы облысы мен Алматы қаласында болып, Мәжіліс депутаты ретінде қалың бұқарамен және істі болып жатқандардың туыстарымен арнайы кездестім. Абақтыда жатқандардың ата-аналарының талаптары бойынша Талдықорған қаласындағы тергеу изоляторында болып, жастармен де жүздесіп, сөйлестім. Себебі – істі болып жатқандардың ата-аналары, туыстары тарапынан «тергеу изоляторларында нағыз азаптаулар, қылмысты күшпен мойындатудың адамтөзгісіз түрлерін қолданып жатыр» дегенді алға тартты. Бүкіл камераларды аралап, әрқайсымен жеке-жеке сөйлесіп, көз көріп, көңіл сенген жағдайларды көңілі алаң болып отырған туған-туыстарына жеткіздім. Дәл осындай кездесулерді әріптестеріміз Алматы, Шымкент, Тараз қалаларында да өткізген болатын», - деді депутат.
Оның айтуынша, осы күндерде түрлі әлеуметтік желілерде елдің көңіліне қаяу түсіретін сантүрлі ақпараттар ағыны тасқындап тарап жатыр.
«Қоғам негізгі ресми ақпаратқа қол жеткізе алмаған сәтте, сөзсіз аңыз-шыны аралас алыпқашпа дүниелер алдыңғы қатарға шығады. Ал сол елдің құлағын елу қылған ресми емес ақпараттар елдің арқасын аяздай қарып, халық ішінде түрлі қауесеттердің ошағын маздатты. Бұл дәлелденбеген фейк ақпараттарды өз мақсатына пайдаланып, ұпай жинағысы келген ішкі және сыртқы күштер де болмай қалған жоқ. Дәл қазір тергеу ісі жүріп жатыр. Түсінеміз, тергеу ісінің өз процесі бар. Алдағы уақытта сот үкімі де кезең-кезеңімен шыға жатар. Алайда арада екі ай уақыт өтсе де қоғам сол қасіретті оқиға туралы неге бастапқы ақпараттарға қол жеткізе алмай отыр? Бұл – ең бірінші кезекте мемлекеттік төңікеріске жасалған қадам деген сөз айтылды. Ал елдіктің тамырына балта шабуды көздегендердің көшіне ілесіп, еліміздегі ірі қалалардағы әкімшілік орындары мен бизнес нысандарына, күштік құрылым ғимараттарына шабуылдағандар кімдер? Жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырғандар, қару ұрлағандар кімдер? Қанша адам жәбірленді? Жапа шеккен кәсіпкерлер мен зәбір көрген азаматтарға толыққанды көмек көрсету үдерісі қашан аяқталады? Арандаған кімдер? Арандатқан кімдер? Өртеніп жатқан ғимараттарға бас-сирағын үйтіп жүргендер кімдер? Изоляторлардағы жатқандардың жай-күйі қалай? Олардың құқы қай деңгейде сақталуда? Қылмыстық іс қашан аяқталады? Сотқа қашан жіберіледі? Жалпы сол күндері қандай жағдай орын алды?», - деп сұрады Жанарбек Әшімжан.
Бұл тұрғыда ол дәл осы күндері қоғам тарапынан қойылған осы сұрақтар әлі күнге дейін ашық күйінде тұрғанын айтты
«Осы сұрақтардың бәріне бүкпесіз, ашық жауап берілу керек. Уақыт ұзаған сайын сенім сетінеп, күдіктің тұманы қалыңдай береді. Сондықтан тиісті күштік құрылымдар, мемлекеттік орган басшылары жеделдетіп Мәжілістің төріне келіп, оқиғаға байланысты осы және басқа да сауалдарға ашық және анық, бетпе-бет жауап беруі керек. Бұл – халықтың, қоғамның талабы!», - деді депутат.
Өз кезегінде Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бұл бастамаға қолдау білдірді.
«Әрине, біз тергеу құпиясына немесе нақты қылмыстық істер бойынша тергеу амалдарына араласа алмаймыз. Бұл тұрғыда заңнамада шектеулер бар. Бірақ қоғам қаңтар оқиғаларына байланысты сұрақтарға жауап күтіп отыр. Осыған байланысты отырыстардың бірінде бұл мәселелер бойынша тиісті лауазымды тұлғалардың ақпаратын тыңдаған дұрыс болар деп ойлаймын», - деді Е. Қошанов.
Осы орайда ол Мәжілістің тиісті комитеті мен аппарат басшылығына аталған тиісті органдар өкілдерінің жауап беруін ұйымдастыру тапсырмасын берді.