Қаңтар оқиғасына байланысты күш құрылымдарының қызметкерлеріне қатысты 234 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында қаңтар оқиғасына қатысты мәселелерді қарау кезінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қаңтар айындағы оқиғалардан кейін, құқық қорғау органдарына күштік құрылымдардың қызметкерлерінің әрекеттеріне қатысты арыздар келіп түсе бастады. Аталған арыздар бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке прокуратурадан және Ішкі істер министрлігінен 125 қылмыстық іс келіп түсті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 109 арыз бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Нәтижесінде, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 234 қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізіп жатыр», - деді О. Бектенов.
Оның айтуынша, 11 арызданушының оларды жоғары температураны қолдана отырып, азаптау фактісі бойынша тіркелген қылмыстық іс аясында барлық кешенді жедел-тергеу іс-шаралары уақтылы өткізілді.
«Нәтижесінде, арызданушылар оларға қатысты тыйым салынған тергеу әдістерін қолданған полиция қызметкерін таныды.
Барлық дәлелдемелер бекітілгеннен кейін, аталған қылмыстық іс арнайы прокурорларға берілді», - деді агенттік басшысы.