17 нау, 2022 сағат 17:02

Қаңтар оқиғасы кезінде апалы-сіңлілі қыздар Алматы әуежайын тонаған


Көліктегі полиция қаңтардағы тәртіпсіздік кезінде Алматы әуежайында дүкен тонаған үш адамды ұстады. Олардан тауардың 200-ден астам түрі тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Көліктегі полиция департаментінің бастығы Оңал Бәкиевтің айтуынша, ІІМ көліктегі полиция департаментінің жедел-тергеу тобы Алматы әуежайындағы дүкендерден тауар ұрлау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. 

Бейнебақылау жазбаларын қарау кезінде үш күдікті анықталды: апалы-сіңлілі қыздар және біреуінің күйеуі. Үшеуі де - Алматы облысының тұрғыны.

«Олар 6 қаңтарға қараған түні жаппай тәртіпсіздік кезінде әуежайда біреудің мүлкін ұрлаған. Күдіктілердің тұрғылықты жері бойынша тексеру кезінде заттай айғақ – элиталық алкоголь, сондай-ақ 130 түрлі парфюмерлік және косметикалық өнім алынды. Сонымен қатар кофеханадан, кәдесый дүкенінен және дәріханадан ұрланған 94 түрлі тауар тәркіленді», - деді көліктегі полиция департаментінің бастығы Онал Бәкиев.

Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 188-бабыны сәйкес («Ұрлық») сотқа дейінгі тергеу басталды. 

«40 жастағы ер адамға қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды, 34 жастағы және 26 жастағы әйелдер жас балалары болуына байланысты ешқайда кетпеу туралы қолхат берді», - деді ол.