24 нау, 2022 сағат 22:36

Қаңтар оқиғасы: Алматыда 5 млн теңгенің ыдыс-аяғын ұрлаған күдікті ұсталды


Алматыда жаппай тәртіпсіздік кезінде ыдыс-аяқ дүкенін тонаған ер адам ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, күдіктіні ұстау кезінде ас үй ыдыстары тәркіленді. 

«Жаппай тәртіпсіздіктер кезінде төтенше жағдайды пайдалана отырып, А. есімді азамат сауда орталықтарының бірінде орналасқан ыдыс-аяқ сататын бутиктен жалпы құны бес миллион теңге болатын ас үй ыдыстарын алып кеткен. 32 жастағы азамат қылмысын мойындады. Ол сондағы бірнеше бейнебақылау камерасына және куәгерлердің смартфонына түсіп қалған», – деді Бостандық аудандық полиция басқармасы жанындағы полиция бөлімінің бастығы Ғалым Қасымбаев. 

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктінің әрекеттері ҚР ҚК-нің 188-бабы 3- бөлігінің 3-тармағымен (Ұрлық) сараланады. 

«Күдікті ұрланған заттарды сата алмаған. Жедел уәкілдер ұрланған ас үй ыдыстарын тәркілеп, айғақ ретінде қылмыстық іс материалдарына тіркеді. Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты «қамауға алу» түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады», - деді Ғалым Қасымбаев.