04 сәу, 2022 сағат 18:40

Қаңтар қырғынында ұрланған 1 386 қару-жарақ табылды - ІІМ


Қаңтар оқиғасы кезінде «Оружейник» дүкенінен ұрланған қарудың бір бөлігі Түрксіб ауданынан табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде айтты.

«Жаппай тәртіпсіздік барысында бұрын ұрланған және алынған қаруды іздеу мен алу бойынша мақсатты жедел-іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр. Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде қылмыскерлерден және олар жасыратын орындардан 1 386 қару-жарақ алынды. Оның ішінде 154 автомат, 419 тапанша, 166 жарақаттайтын қару, 70 арнайы мылтық, 30 гранатомет және тағы басқа қарулар бар. Одан басқа, 22 479 оқ-дәрі алынып, тәркіленді», - деді ІІМ өкілі.

Оның мәліметі бойныша, Алматы қаласында «Оружейник» дүкенінен қару ұрлауда күдікті тағы бір адам ұсталған.

«Ол ұрланған қаруды Түркісіб ауданындағы қараусыз қалған ғимаратта сақтаған. Ұсталған адамнан шолақ карабин және тегіс ұңғылы мылтық алынды», - деді Санжан Әділов.